Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік беретін ең басты құндылықтардың бірі. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен жауапкершілігі. Сондықтан бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар халық пен полицияның өзара серіктестігіне негізделіп келеді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау саласында азаматтардың сенімін арттыруға, халықпен ашық диалог орнатуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берілуде. Себебі қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Бұл ретте тұрғындардың белсенділігі, азаматтық жауапкершілігі мен құқықтық мәдениеті маңызды рөл атқарады. Полиция мен халық арасындағы өзара сенім – қоғамдық қауіпсіздіктің берік іргетасы. Азаматтар құқық қорғау органдарына сенім артқан сайын құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлап, күмәнді жағдайларға бейжай қарамайды. Ал бұл өз кезегінде көптеген заңсыз әрекеттің алдын алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап келеді. Мұндай кездесулер тек мәселелерді талқылап қана қоймай, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашады. Қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосу үшін міндетті түрде құқық қорғау қызметкерінің болуы шарт емес. Көшеде күмәнді жағдайды байқаса, полицияға дер кезінде хабарлау, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, заң талаптарын құрметтеу, көршілерге жанашырлық таныту – мұның барлығы қауіпсіз қоғам қалыптастыруға қосылған нақты үлес. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде көршілік қарым-қатынастың нығаюы құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң әсер етеді. Бір-біріне бейжай қарамайтын тұрғындар бөтен адамдардың күмәнді әрекеттерін дер кезінде байқап, тиісті орындарға хабарлай алады. Мұндай азаматтық ұстаным көптеген құқық бұзушылықтың жолын кесуге көмектеседі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында өткізілетін түсіндіру кездесулері азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін ақпараттық жұмыстар тұрғындарды сақтыққа шақырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қауіпсіздік мәселесіне қатысты кеңестер мен ескертулер азаматтардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады.
Қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың орны ерекше. Бейнебақылау камераларының көбеюі, көшелерді жарықтандыру жүйесінің жетілдірілуі, мобильді қосымшалар мен электрондық сервистердің енгізілуі құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Алайда қандай заманауи технология қолданылса да, оның тиімділігі азаматтардың белсенді қатысуымен ғана арта түседі. Өйткені қауіпсіздік ең алдымен адамдардың жауапкершілігі мен заңға деген құрметінен басталады. Заңға бағынатын қоғам қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл бағытта отбасының, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі зор. Баланы кішкентайынан заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу – ертеңгі қауіпсіз қоғамның негізі. Әрбір тұрғын өзінің әрекеті арқылы айналасына үлгі бола алады. Жол жүру ережесін сақтау, қоғамдық орындардағы мәдениеттілік, өзгелердің құқығына құрметпен қарау – мұның барлығы қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды бөлшегі.
Қауіпсіз қоғам кездейсоқ қалыптаспайды. Ол мемлекет, құқық қорғау органдары және тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде орнығады. Әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке бейжай қарамаса, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың нығая түсетіні сөзсіз. Қоғамдық қауіпсіздік – полицияның ғана емес, барша азаматтың ортақ ісі. Өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қоғамда ғана қауіпсіз өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Сондықтан әрқайсымыз қоғам тыныштығын сақтауға өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Құралбек Сәбитұлы

