Перейти к содержимому
Главная страница » Адам құқығы бәрінен қымбат

Адам құқығы бәрінен қымбат

Адам саудасы – жеке адамға қарсы жасалатын қылмыспен ғана шектелмейтін, қоғамның қауіпсіздігіне, заң үстемдігіне және мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығына кері әсер ететін ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түрі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана емес, оның алдын алуға негізделген жүйелі саясат арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Бүгінде қылмыстық топтар өз әрекеттерін жасырын жүргізудің түрлі тәсілдерін қолданады. Олар жалған жұмысқа орналастыру агенттіктерін, әлеуметтік желілерді, интернет платформаларды немесе делдалдық қызметті пайдаланып, азаматтарды заңсыз еңбекке, жыныстық қанауға немесе басқа да мәжбүрлі әрекеттерге тартуға тырысады. Осындай себептерге байланысты адам саудасына қарсы күрес бір ғана құқық қорғау органының емес, бірнеше мемлекеттік құрылымның үйлесімді жұмысын талап етеді.Бұл бағытта полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, еңбек инспекциясы, көші-қон қызметі, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелері өзара бірлесіп әрекет етеді. Әр мекеменің өз міндеті бар. Бірі құқық бұзушылықтың жолын кессе, енді бірі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ал әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдар қиын жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, медициналық және психологиялық қолдау көрсетеді. Осындай кешенді жұмыс қана адам саудасына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттырады.

Алматы облысында да бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Еңбек көші-қоны көп шоғырланған елді мекендерде ақпараттық кездесулер өткізіліп, тұрғындарға қауіпсіз жұмысқа орналасудың талаптары түсіндіріледі. Сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер мен түсіндіру акциялары ұйымдастырылып, адам саудасының белгілері мен одан қорғану жолдары кеңінен насихатталады. Қоғамдық ұйымдардың қатысуы да бұл іске тың серпін береді. Үкіметтік емес ұйымдар халықпен тікелей жұмыс істеп, тәуекел тобына жататын азаматтарға кеңес береді, ақпараттық материалдар таратады және зардап шеккен адамдардың қалыпты өмірге қайта оралуына қолдау көрсетеді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының осындай серіктестігі алдын алу жұмыстарының нәтижелілігін арттырады. Алайда кез келген бастаманың табысты болуы азаматтардың құқықтық мәдениетіне де байланысты. Егер қоғам күмәнді жағдайларға бейжай қарамаса, заңсыз әрекеттер туралы дер кезінде хабарлап отырса және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараса, мұндай қылмыстардың жолын кесу әлдеқайда тиімді болады. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап қана қоймай, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де бейжай қарамауы қажет.

Адам саудасына қарсы күрес жазалау шараларымен ғана шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – адамдардың құқықтық сауатын арттыру, жастардың еңбек қатынастары жөніндегі білімін күшейту, қауіпсіз көші-қон мәдениетін қалыптастыру және қоғамда адам құқықтарына деген құрметті нығайту. Осындай жүйелі жұмыстар ғана қылмыстың алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Адамның бостандығы мен қадір-қасиеті – мемлекеттің ең қымбат құндылықтарының бірі. Сондықтан адам саудасына қарсы күреске мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және әрбір азаматтың белсенді қатысуы – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты. Заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және бірлескен іс-қимыл ғана адам саудасы сияқты ауыр қылмыстардың жолын кесіп, қоғамның тұрақты дамуына негіз бола алады.