Перейти к содержимому
Главная страница » Табиғатқа жанашырлық

Табиғатқа жанашырлық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баста­масымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық эколо­гиялық бағдарламасы жалғасын табуда.

Қарасай ауданында демалыс күндері сенбіліктер ұйымдастырылып, ал әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» экологиялық шарасы өткізіледі. Бұл жолғы тазалық шарасына Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосовтың қатысуымен Шамалған ауылының тұрғындары белсене атсалысты. Аталған бастаманы өңірдің мемлекеттік қызметшілері, қадірлі ақсақалдары, жастар мен этномәдени орталықтардың мүшелері де қолдады.
Экологиялық шара Үшқоңыр шатқалында өтті. Бұл – Шамалған мен Ұзынқарғалы шатқалдарының аралығында, Іле Алатауының баурайында орналасқан көркем табиғатымен ерекшеленетін тау бөктері. Халық арасында «Бірінші бұлақ» аталып кеткен жерде бас қосқан қатысушылар аумақты қоқыстан, қураған шөптер мен сынған бұтақтардан тазартты. Осылайша табиғатқа деген жанашырлық сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденді. Өкінішке қарай, бұл жолы бұлақтың өзін көрудің сәті түспеді. Жергілікті қариялардың айтуынша, белгісіз себептермен ол тартылып қалып, жаздың аптап ыстығында жолаушыларды мөлдір суымен сусындататын мүмкіндігінен айырылған. Дегенмен, оның атауы осы өңірдің тарихи атауы ретінде сақталып қалған.
Осы жерде Азамат Серікұлы «Таза бейсенбі» экологиялық бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, аудан тұрғындарын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырды.
– Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы өңіріміздің әрбір елдімекенінде тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді ол. – Біз де бұл игі іске атсалысып, Үшқоңыр шатқалын тазарту жұмыстарын жүргіздік. Мұндай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға елеулі үлес қосады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Іс-шара соңында Азамат Серікұлы азаматтық белсенділік танытып, акцияға қатысқан барлық тұрғынға алғыс білдіріп, бірқатарын Алғыс хаттармен марапаттады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы