Ұйғыр ауданында «Кедергісіз қоғам: құқықтан нақты мүмкіндікке» тақырыбында мазмұны терең дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған басқосуға аудан прокуроры Ғабит Тұрманов қатысып, тұрғындармен ашық әрі мазмұнды пікір алмасу алаңын қалыптастырды. Бұл жиын қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды бірлесіп шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Дөңгелек үстел барысында азаматтардың заңмен айқындалған құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ халықтың күнделікті өмірінде кездесетін түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетіктері жан-жақты сөз болды. Құқықтық мемлекет құру жолында әрбір азаматтың өз құқығын терең түсініп, оны сауатты түрде қолдана білуінің маңызы ерекше екені атап өтілді. Сонымен қатар, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен нығайту мәселесі де кеңінен қозғалды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, құқық қорғау саласы мамандарынан заң аясында нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Әсіресе әлеуметтік қолдау шаралары, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымды дамыту және құқықтық кеңес беру бағыттары бойынша өзекті пікірлер айтылып, ұсыныстар білдірілді.
Жиында әрбір қатысушының ойы мен ұсынысы ескеріліп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу мақсатында алдағы жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды. Мұндай кездесулердің маңызы – тек мәселе көтеріп қана қоймай, оның шешімін табуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бастау алуында.
Аталған дөңгелек үстел – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, құқықтық тұрғыдан кедергісіз қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл – азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған нақты істердің көрінісі әрі әділетті қоғам құруға деген ортақ ұмтылыстың айғағы.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

