Перейти к содержимому
Главная страница » Заңға құрметпен қарайтын ұрпақ – ел болашағы

Заңға құрметпен қарайтын ұрпақ – ел болашағы

Биылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның қолданысқа енуі – еліміздің уақыт талабына сай дамып, қоғамның сұранысына жауап беруге ұмтылып отырғанының айқын дәлелі. Елдің Ата Заңы – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын, мемлекет пен қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін басты құжат. Жаңа Констиуцияда әділетті қоғам құру, заң үстемдігін нығайту және халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту көрініс тапқан. Бұл бастамалар азаматтардың жауапкершілігін арттырып, елдің болашағына деген сенімін нығайтады деп ойлаймын.
Кітапхана саласының қызметкері ретінде мен үшін жаңа Ата Заңда білімге, мәдениетке және ақпаратқа қолжетімділікке ерекше көңіл бөлінгені көңіл қуантады. Себебі, кітапхана – қоғамның рухани дамуына қызмет ететін, білім мен парасаттың ордасы. Біз оқырмандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, елдік құндылықтарды насихаттауға және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосып келеміз.
Конституция – тұрақтылықтың тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Оны құрметтеу – өз мемлекетімізді, болашағымызды құрметтеу. Сондықтан жаңадан қабылданған негізгі заң Қазақстанды кемел келешекке бастайтынына сенемін. Менің ойымша, жаңа Конституция қабылдау – болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Заң талаптары заман ағымына сай жетілдіріліп отырса, мемлекет те тұрақты дамып, халықтың әл-ауқаты арта түседі. Әрбір азамат Конституцияны құрметтеп, заң талаптарын сақтауды өзінің азаматтық борышы деп қабылдауы тиіс.
Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халық үніне құлақ асатын, әділ әрі ашық мемлекет қалыптастыру. Мұндай өзгерістің нәтижесі тек заңдарда ғана емес, күнделікті өмірімізде, қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікте көрінуі қажет. Осы орайда кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіруге және жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге әрдайым атсалыса береміз. Өйткені елдің жарқын болашағы – білімді, саналы әрі заңға құрметпен қарайтын ұрпақтың қолында.

Әлия БОРАНБАЙ, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері