Перейти к содержимому
Главная страница » Жастардың болашағын бірге қорғайық

Жастардың болашағын бірге қорғайық

Есірткі – адамның денсаулығын ғана емес, оның болашағын, отбасын және қоғамның тыныштығын құрдымға жетелейтін қауіпті кесел. Сондықтан есірткі қылмысының алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта тек құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы қажет.

Қазіргі таңда заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес күшейтіліп, синтетикалық есірткілерді тарату арналары анықталып, оларды ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылуда. Әсіресе жастарды есірткіге тартуға бағытталған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілердегі заңсыз жарнамаларға тосқауыл қою жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Дегенмен, бұл қауіптің алдын алуда құқықтық шаралармен қатар түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор.

Жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткінің зияны туралы ақпараттандыру – тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Ата-аналар мен ұстаздар да балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамай, олармен ашық әңгімелесіп, сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет.

Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат заңсыз әрекеттерге немқұрайлы қарамай, күдікті жағдайлар туралы тиісті органдарға хабарлап отырса, қоғамды бұл қатерден қорғауға үлкен үлес қосады. Өйткені есірткісіз қоғам – дені сау ұрпақ пен жарқын болашақтың кепілі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ