Перейти к содержимому
Главная страница » Денсаулық – ең үлкен байлық

Денсаулық – ең үлкен байлық

Алкогольге тәуелділік – адамның денсаулығына, отбасының берекесіне және қоғамның тұрақтылығына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Ішімдікті шамадан тыс тұтыну түрлі құқық бұзушылықтарға, жол-көлік оқиғаларына, тұрмыстық жанжалдарға және өзге де келеңсіз жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан алкоголизмнің алдын алу – қоғамның ортақ міндеті.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру – алкогольге тәуелділіктің алдын алудың ең тиімді жолы. Спортпен шұғылдану, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, отбасындағы жылы қарым-қатынас пен дұрыс тәрбие адамның зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, олардың бойына жауапкершілік пен салауатты өмір салтының құндылықтарын сіңіру маңызды.

Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда алкогольді заңсыз сатуға, кәмелетке толмағандарға ішімдік ұсынуға және қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты бақылауды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Дегенмен бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс әр азаматтың саналы көзқарасы мен белсенді ұстанымына да байланысты.

Қоғамның әл-ауқаты – дені сау азаматтардан құралады. Сондықтан әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тартуды өмірлік ұстанымға айналдырғаны жөн. Салауатты өмір салтын таңдау – бүгінгі күннің ғана емес, жарқын болашақтың да кепілі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ