Жамбыл ауданында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел шара қабылданды. Атап айтқанда аудан аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар Алматы-Бішкек күрежолының Қарғалы ауылы тұсында жолаушыларға қолайсыздық тудырып келген қиылысын заң талабына сай ретке келтіру ісі қолға алынды.
Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың төрағалығымен өткен жұмыс кездесуінде белгілі болды. Жиында аталған республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы кіріп-шығу жолдарын пайдалану тәртібі, заңсыз пайда болған жолдың көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тигізетін әсері, ауыр жүк көліктерінің салмақтық нормаларды сақтауы сияқты мәселелер талқыланды. Өйткені Қарғалы ауылындағы тас өңдеу зауыттарына баратын тас жол болмағандықтан, жүк көліктерінен көтерілген шаң жолаушыларға қолайсыздық тудырып келген еді. Оған қоса үлкен жолға қосылар тұсы ауыр көліктің бұрылуына тарлық етіп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп келді. Бұған сол маңдағы тұрғындар да сан рет алаңдаушылық білдірген.
Аудан әкімдігіндегі осы мәселеге арналған арнайы жиынға карьер басшылары мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының («QAJ» ҰК») өкілдері және прокуратура қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында Қарғалы ауылындағы құрылыс материалдарына арналған құм-тас шығаратын зауыттарға баратын жолдың жай-күйі, заңдық мәртебесі, белгіленген талапқа сай болуы, күрежолға қосылар тұсының қауіпсіздігі сияқты мәселелер қозғалып, шешу жолдары қарастырылды.
Жиын қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар автожолға қосылатын жол қиылысына уақытша асфальт төселетін болып шешіліп, бұл жұмыс жедел түрде іске асырылды. Сондай-ақ алдағы уақытта «QAJ» ҰК» АҚ-ның жоспарына сәйкес Алматы-Бішкек күрежолының Қарғалы ауылы тұсындағы жол қиылысында көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы жылдамдық қосу жолағы мен жылдамдықты тежеу жолағын салу қарастырылды. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, көлік құралдарының қауіпсіз әрі реттелген қозғалысын қамтамасыз етуге және жол инфрақұрылымын талапқа сай дамытуға бағытталған. Жобаланған жұмыстар толық жүзеге асырылған жайдайда күрежолдың осы тұсы заң мен тәртіп қағидатына толықтай сай қолданылатын болады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

