Перейти к содержимому
Главная страница » ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қонаев қалалық кітапханасында Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізуге жауапты мекеме өкілдері мен аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.

Басқосуды ашқан Орталық сайлау комис­сиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Құрылтай депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Президент Жарлығы шыққан соң Орталық сайлау комиссиясының отырысы болып, саяси науқанды өткізуге бағытталған жоспар бекітілгенін атап өтті. Өзінің осы сапарының мақсаты Алматы облысындағы Құрылтай депутаттарын сайлау күніне дайындық жұмысы қандай деңгейде жүріп жатқанын бағамдау екенін жеткізді. Шавхат Әнесұлының айтуынша, сайлау жоғары деңгейде өтуі үшін комиссия мүшелерінің өзі заңды жақсы білуі керек. Сондықтан комиссия мүшелерін оқыту мәселесіне ерекше назар аударылған. Оқыту үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларына семинар өткізеді. Екінші кезеңде аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларының төрағасы, орынбасары мен хатшысын, үшінші кезеңде олар учаскелік комиссия мүшелерін оқытады. Сонымен қатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге және БАҚ өкілдеріне арналған семинарлар өткізілгенін тілге тиек етті.
Жиын барысында алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірде Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмысы Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сайлау учаскелері 100 пайыз материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілгенін, сайлаушылар тізімін нақтылау бойынша Орталық сайлау комиссиясының алгоритіміне сәйкес жұмыс жүргізілгенін, облыста сайлаушылар саны 2 тамыздағы жағдай бойынша 1 млн 42 мың адамды құрап отырғанын жеткізді. Одан кейін облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев, полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлан Садықов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов өңірде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге дайындық барысы жайлы баяндады.
Келесі кезекте сөз облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтоваға берілді.
– Алматы облысында сайлауды ұйымдастыру және өткізуге 12 аумақтық және 683 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Саяси науқанды ұйымдастыруға барлығы 4811 сайлау комис­сиясының мүшесі жұмылдырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қалыптастырылған комис­сиялардың құрамына саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған азаматтар және жоғары тұрған сайлау комиссиялары тағайындаған мүшелер енгізілген. Қазіргі уақытта комиссиялардың ұйымдастырушылық қызметі тұрақты бақылауда. Барлық аумақтық комиссиялармен күнделікті байланыс орнатылып, дайындық жұмысының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығы – сайлаудың сапалы өтуінің негізгі кепілі. Осыған байланысты облыстық аумақтық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі комиссия мүшелеріне арналған кезең-кезеңімен оқыту семинарларын өткізуде. Оқыту барысында Құрылтай сайлауының құқықтық негіздері, сайлау комиссияларының өкілеттіктері, дауыс беру күнін ұйымдастыру, өтініштер мен шағымдарды қарау, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс жүргізу тәртіптері, құжаттама жүргізілуі, бюллетеньдермен жұмыстың реттілігі, дауыстарды санаудың заңнамамен белгіленген рәсімдері, хаттамалардың дұрыс рәсімделуі, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл секілді негізгі мәселелер қарастырылуда. Оқу барысында тек теориялық түсіндірумен шектелмей, практикалық кейстер, жағдаяттық тапсырмалар және дауыс беру күнінің толық моделі қолданылуда. Бүгінгі таңда барлығы 82 оқыту семинары өткізілді, бұл жұмыстар сайлау күніне дейін жалғасады, – деген Мейрамгүл Қазыбекқызы сайлау учаскесінің дайындығы жөнінде мағлұмат берді. Сонымен қатар сайлау комиссияларының маңызды міндеттері мен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жайына кеңінен тоқталды.
Жиналысты қорытындылаған Шавхат Өтемісов шақыру қағазы сайлаушының қолына жетуіне, пандустардың талапқа сай болуына, Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетін күні жергілікті жерлердегі барлық қызметтердің тұрақтылығына баса назар аудару қажеттігін қаперге салды.
Келелі жиын аяқталған соң, елордалық мейман Қонаев қаласы мен Алатау қалаларының бірнеше сайлау учаскесіне барып, ондағы ахуалмен танысты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ