Райымбек ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында 1200 орындық жаңа орта мектептің ашылуына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп қана болғанын ескерсек, бұл жаңа білім ордасы ауыл тұрғындары үшін үлкен әрі бағалы сый болмақ.
Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары біраз уақытқа созылды. Бұған өзіндік себептері болғаны анық. Құрылыс барысында мамандар 2,8 гектар аумақта орналасқан мектептің жер телімінің барлық бөлігінде жер асты суларының екі метр тереңдікте жатқанын анықтады. Осы мәселені шешу үшін 6 мыңға жуық қада қағылды. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы нысан электр және газ желілеріне қосылмағаны жұмысқа кедергі болған.
Жобаның бас мердігері – «ҚҰРЫЛЫСШЫ-ТБС» компаниясы. Компания мамандары жалпы ауданы 10 300 шаршы метрді құрайтын, тоғыз блоктан тұратын заманауи әрі жайлы үш қабатты мектеп ғимаратын тұрғызды. Оның ішінде «В» блогында бастауыш сынып оқушылары, «Б» блогында орта буын оқушылары, ал «А» блогында жоғары сынып оқушылары білім алатын болады.
Мектепте 197 орындық акт залы, 255 орындық асхана және үш спорт залы қарастырылған. Бұдан бөлек, арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, еңбек шеберханалары, кітапхана және білім беру үдерісін мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруға қажетті басқа да заманауи нысандар бар.
Айта кетерлігі, соңғы екі жылда ауданда 12 жаңа мектеп бой көтерді. Оның жетеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Ал Бұлақты ауылындағы бұл жаңа білім ордасы аталған жоба бойынша ауданда пайдалануға берілетін сегізінші мектеп болмақ.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

