Алкогольге тәуелділік – адамның денсаулығына ғана емес, отбасы мен қоғамның тыныштығына да кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Ішімдікке салыну түрлі құқық бұзушылықтарға, жол-көлік оқиғаларына, тұрмыстық жанжалдарға және еңбек өнімділігінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан алкоголизмнің алдын алу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.
Бұл мәселемен күресте ең алдымен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Спортпен шұғылдану, мәдени-рухани іс-шараларға қатысу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және отбасы құндылықтарын нығайту зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналар балаларымен ашық сөйлесіп, алкогольдің адам ағзасына және болашағына тигізетін зиянын ерте жастан түсіндіруі қажет.
Қоғамда ішімдікке немқұрайлы қарамай, оған тәуелді адамдарға дер кезінде қолдау көрсету де маңызды. Себебі алкоголизм – тек жеке адамның мәселесі емес, ол қоғамның әл-ауқатына әсер ететін әлеуметтік құбылыс.
Дені сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан әрбір азамат зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын таңдаса, қауіпсіз әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

