Перейти к содержимому
Главная страница » ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БАҚЫТ БАСЫН ИЕДІ

ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БАҚЫТ БАСЫН ИЕДІ

Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округі әкімінің аппаратында жастармен қатар тәжірибелі мамандар да еңбек етеді. Олар өз білімдері мен өмірлік тәжірибелерін бөлісуден жалыққан емес. Осындай азаматтардың бірі – Нұрғали Бақторазов. Ол әрдайым өз міндетіне аса жауапкершілікпен әрі адал қарайтындығымен үлгі болып келеді. Бір қызығы, мемлекеттік қызметке келмес бұрын ол өмірдің талай мектебінен өтіп, сұранысқа ие көптеген мамандықты меңгерген.

Нұрғали Әбдіманапұлы Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында өскендіктен, еңбек пен тұрмыстың қадірін жақсы біледі. Әкесі Әбдіманап Бақторазұлы қырық жыл бойы байланыс саласында еңбек етіп, Құмкент ауылындағы пошта бөлімшесін басқарған екен. Анасы Үлман Рахымбайқызы үй шаруасымен айналысқан, көпбалалы ана ретінде оған «Батыр ана» атағы берілген.
Ата-анасы балаларын – өзгенің затын алмау, өтірік айтпау, адал еңбек ету, еңбек тәртібін сақтау және заңды құрметтеу сияқты жоғары адамгершілік құндылықтарға тәрбиелегені аян. Осы тәрбиені бойына сіңірген олардың барлығы да өмірде өз орнын тапқан.
Бұл отбасында тек еңбекке ғана емес, білімге деген ұмтылысқа да ерекше мән берілген. Білімді адамға өмірде көп мүмкіндік ашылатыны түсіндірілген. Соның нәтижесінде Нұрғали Әбдіманап­ұлы техникумды ғана емес, екі жоғары оқу орнын да тәмамдаған. Ол 1980 жылы мектепті бітіргеннен кейін Талдықорған заң техникумында, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ еңбек және әлеу­меттік қатынастар академиясында білім алған. Нәтижесінде «Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономика және басқару» және «Құқықтану» мамандықтарын игерген.
– Еңбекке ерте араласып, бала кезден ата-анама көмектестім. Сондықтан ауыл шаруашылығы еңбегінің шынайы бағасын жақсы білемін. 1982 жылы техникумды бітірген соң кеңшардың №2 фермасына жұмысқа орналастым. Ал қараша айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Брест қаласында әскери борышымды өтедім, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Нұрғали Әбдіманапұлы 1985 жыл­дан 1997 жылға дейін туған «Құмкент» кеңшарында ветеринарлық санитар, есепші, инспектор, кадр бөлімінің басшысы, аға экономист, аға бухгалтер, сондай-ақ «Тасарық» өндірістік кооперативінің төрағасы қызметтерін атқарады. Кейін Талдықорған қаласында еңбек жолын жалғастырып, №23 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, күзет қызметінің басшысы, заң колледжінде және жоғары оқу орындарында оқытушы болды. Оның мемлекеттік қызметтегі жолы 2003 жылы басталды. Алдымен Алматы облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасында бас маман-заңгер, кейін бөлім басшысы болып жұмыс істеді.
Әр жылдары ол тілдерді дамыту басқармасында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласында және жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасында түрлі лауазымдарда еңбек етті. 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып қызмет атқарады.
– Мен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласына жауаптымын. Бұл сала оңай емес, бірақ округ әкімі Ержас Тоқтасыновтың қолдауымен мәселелер біртіндеп шешілуде. Ұжымда жайлы орта қалыптасқан, үлкендерге құрмет, жастарға қамқорлық бар. Біз үнемі білімімізді жетілдіріп, бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға тырысамыз. Бұл халыққа қызмет ету жолындағы ортақ ісімізге пайдасын тигізеді, – дейді ол.
Еңбегі үшін Нұрғали Әбдіманап­­ұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Ал оның ең үлкен бақыты – отбасы. Өткен жылдың соңында зайыбы Дариға апаймен бірге 40 жылдық некелерін атап өтті. Ұлдары Ермек пен қыздары Камарсұлуды тәрбиелеп өсірді. Ермек энергетика саласында, ал Камарсұлу мемлекеттік басқару саласында білім алған. Қазір олар ата-анасына бес немере сыйлап, отбасының қуанышына айналып отыр.
– Мен үшін бақыт – барға шүкіршілік ету, туған-туыс, әріптестерді қадірлеу. Әкем «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деп жиі айтатын. Бұл сөздің мәні терең. Мен отбасымды өте қадірлеймін. Адам бойындағы адалдық, тазалық, ұқыптылық, тәртіптілік сияқты қасиеттерді жоғары бағалаймын. Мемлекеттік қызметтегі тұрақтылық та маңызды. Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін, – дейді Нұрғали Әбдіманапұлы.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы