Кеген ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Аталған мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Мұнда зейнет жасындағы адамдар үшін түрлі үйірмелер қарастырылған. Кәсіби мамандардың көмегімен денсаулықты қалпына келтіруге арналған жаттығулар, өнер мен қолөнер сабақтары, компьютерлік сауаттылық курстары мен семинарлар өткізіледі.
– Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарттардың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалған. Олардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына, ой-өрісін кеңейтуге, өнерін өрістетуге мүмкіндік мол. Зейнеткерлер мәдени, спорттық және танымдық шараларға белсене қатысады. Бұл – мемлекет тарапынан қарттардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың нақты көрінісі, – дейді Кеген аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының кеңесшісі Бақытгүл Демежанқызы.
Біз осы мекемеге келіп, бос уақытын белсенді өткізетін аға буын өкілдерімен аз-кем сұхбаттасқан едік. Олардың айтуынша, мұндағы қызмет таңғы жаттығудан басталады. Үйірмелер қарттарға ойдағыдай қызмет көрсетеді. Ем-дом шаралары да жоспарға сай жүргізіледі. Бос уақытта табиғат аясында серуендеу және тарихи орындарды тамашалау да қарастырылған. Аталар жағы шахмат ойнап, тоғызқұмалақты ермек етсе, әжелер құрақ құрап, ұлттық құндылықтарды насихаттауды қолға алған. Ең бастысы, орталық қызметіне жүгінгендер салауатты өмір салтын қатаң ұстанады.
Айта кетейік, аталған орталық 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етіп, өмір сүру сапасын жақсарту.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

