Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары аясында Қаскелеңде орын тепкен Сулейман Демирел университетіне (SDU University) арнайы барып, елімізде ғана емес, Орталық Азия аймағында таныла бастаған білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді. Осыған орай аталған университет ректоры Әлімжан Игенбаевпен аз-кем сұхбат құрған едік.
– Қайырлы күн, Әлімжан Бекежанұлы! Сіздердің білім ордаларыңызға жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келгенін білеміз. Сондай-ақ, сіздердің университетте көптеген жаңалықтар бар сияқты? Сол жөнінде сұхбат өрбітсек.
– Қайырлы күн! Иә, дұрыс айтасыз, биылғы жаңа оқу жылы біз үшін жағымды жаңалықтармен басталғаны рас. Президентіміз Алматы облысына іссапары барысында университетімізге арнайы келіп, жас ұрпақтың білім-ғылым жолындағы жетістіктері мен инновациялық қызметін, өнертапқыш студенттердің туындыларымен танысты. Жергілікті және шетелдік білімгерлермен тілдесіп, ақпараттық технология саласында оқитын студенттердің өздері жасап шығарған жарыс автокөлігін көріп, ризашылығын білдірді.
– Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен анголалық қара нәсілді азаматтың Мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлескені жайлы ақпарат тараған еді. Сіздерде қазақ тілін меңгерген шетелдік азаматтар көп пе?
– Қазіргі таңда SDU University-де Ресей, Монғолия, Қытай, Африка елдері мен Орта Азиядан 160 шетелдік студент білім алуда. Сондай-ақ, ынтымақтастық жөніндегі келісімдер 26 елдегі 70 университетпен жасалған және академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жобалар атқарылып жатыр. Біздің университетте үш тілдік білім беру жүйесі бар, оның 82 пайызы ағылшын, 18 пайызы қазақ, орыс тілдерінде оқытылады. Шетелдік білім алушыларға қазақ тілі сабақтары оқытылады. Өз қалауымен әрі қызығушылығымен қазақ тілін жетік меңгерген студентіміздің бірі – Феррейра Элиша. Президент алдында өз ойын еркін жеткізіп, елімізге деген ризашылығын ашық айтқан болатын. Ал Мемлекет басшысымен қытай тілінде сөйлескен Ұлмекен Берекеқызы шет тілі мамандығында оқитын 3-курс студентіміз. Жалпы бізде қытайдан бөлек, кәріс, неміс, француз, түрік тілдерін үйрететін екі шет тілі мамандықтары бар. Бұл мамандықтарға мемлекеттік грантты жеңген талапкерлердің өзіне жоғары шекті балл қойсақ та, сұраныс өте жоғары.
– Жоғарыда өзіңіз айтып кеткен жарыс автокөлігін құрастырған өнертапқыш студенттер жайлы айтсаңыз?
– Президент алдында өз жобасын таныстырған инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің 3-курс студенттері болатын. Елнұр Өтебай есімді студентіміз бір топ замандастарына жетекшілік етіп, бір жыл көлемінде жарыс автокөлігін жасап шығарған. Осы автокөлікпен тамыз айында Орталық Азиядағы алғашқы ел болып «Формула студент» халықаралық жарысында топ жарды. «Формула студент» халықаралық білім беру жобасын SAE (Society, Automotive Engineers автомобиль инженерлері қауымдастығы) 1998 жылы бастаған. Бұл – инженерлік және автоспорт салалары бойынша өткізілетін студенттік жоба. Біздің студенттер жарысқа қатысу үшін өздерінің көліктерін құрастырған болатын.
– Өз білімгерлеріңіз үшін тағы қандай қолдау мен жағдай жасап жатырсыздар?
– Университеттің бекітілген стратегиялық жоспарына сәйкес, жылдан-жылға білікті мамандар мен ғалымдар, оқытушыларымызға жағдай жасап, заманауи білім беру сапасын әрдайым көтеріп отыруды бірінші кезекке қоямыз. Сонымен қатар жаңа ғимараттар мен қосалқы орындар, оның ішінде, заманға сай кітапхана, зертханалар, Коворкинг орталықтары, Мәдениет үйі және академиялық оқу бағдарламасының сапасын күшейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтсақ, биыл 12 тамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және еліміздің бірқатар ЖОО ректорларының қатысуымен университетіміздің жаңа ғылыми кітапханасының ашылу салтанатын өткіздік. SDU ғылыми кітапханасы «Open access» стилінде жасақталып, электронды жүйе арқылы басқарылады. Білім алушы жастар үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалып, үш қабатты ғимаратта оқу залы, демалыс орындары, конференц-зал, компьютер бөлмесі жұмыс істейді. Университет кітапханасының қорында 410 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде қазақ тілінде – 119 113, орыс тілінде – 32 565, ағылшын және басқа тілдерде – 258 638 дана кітап жинақталған.
Негізінде, SDU ғылыми кітапханасының негізі университетпен бірге 1996 жылы құрылған болатын. 2021 жылы кітапхана жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес АҚШ Конгресінің классификациясына (LCC) көшті. Сондай-ақ, биыл білімгерлеріміздің негізгі оқу процесінен бөлек, қоғамдық және командалық іс-шаралар өткізуіне арналған 4500 шаршы метрлік спорт және мәдениет кешені салынып бітті. Университетімізде әртүрлі сала бойынша 28 клуб жұмыс істейді. Ол жерде студенттер бір-бірімен жақсырақ танысып, тәжірибе әрі біліммен алмасып, болашақ ынтымақтастық пен кәсіби даму үшін байланыс орната алады. Мұндай іс-шаралар студенттер арасында командалық рухты қалыптастыруға және көшбасшылық дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
– Сіздердің университетке түскісі келетіндер саны көп екенін білеміз. Талапкерлерді қалай іріктеп аласыздар?
– Дұрыс айтасыз. Халықаралық деңгейде қызмет атқаратын SDU университетінде оқығысы келетін талапкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті биыл SDU-ді таңдаған грант иегерлері сан жағынан топ жарды десек те болады. Мемлекеттік грант иегерлерінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, SDU университетіне бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша жаңа оқу жылына келген 2447 білімгердің 1741-і мемлекеттік грант иегерлері атанды. Оның ішінде, шекті баллды жоғарғы межеге көтерсек те, биыл республика бойынша екі шет тілі мамандығына бөлінген 200 гранттың 135 иегері (67 пайызы) SDU-ді таңдаған. Сондай-ақ, математика және педагогика саласына даярлайтын мамандықтарға бөлінген жалпы гранттар санының 59 пайыз иегері біздің оқу ордамызды таңдағаны қуантарлық жағдай.
– Жақсы көрсеткіш екен. Жалпы болашақ талапкерлер мен ата- аналар үшін SDU жайлы қысқаша ақпарат бере кетсеңіз?
– SDU университеті 1996 жылы Алматы қаласында негізі қаланып, 2011 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласының 14 гектар жер аумағына салынған жаңа кампусқа көшірілді. SDU-да 8500-ден аса студент бар және 500-ге жуық профессорлықоқытушылық құрам қызмет атқарады. Бізде 4 факультет және Мультидисциплинарлық білім беру орталығы бар. Олар – SDU бизнес мектебі, педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті, инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультеті, құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті.
Ағылшын тілінде оқытылатын университеттердің бірі ретінде SDU 56 білім беру бағдарламасын ұсынады. Оның ішінде, 28 бакалавриат бағдарламасы, 21 магистрлік және 7 докторлық бағдарламалар бар. Университетте үш тілдік білім беру жүйесі бар, оның 82 % ағылшын, 18 % қазақ/орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ, білімгерлерге арналған практика алаңдары Медиа зертхана, Сот залы, Технопарк, Cisco зертханасы, IT зертханасы, Red Hat академиясы, Химия-биология 3D зертханасы, Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), FinLab зертханасы және 1200 адамға арналған Студенттер үйі қызмет атқарады.
2015 жылы SDU алғашқы халықаралық институционалдық аккредиттеуді негізге алып, университеттің барлық халықаралық аккредиттеу стандарттарына сәйкес келетіндігін растады. Сонымен қатар IAAR, Атамекен, Webometrics Ranking, ASIIN сынды ұлттық және халықаралық білім беру қызметтері нарығында әлемдік танымалдылыққа ие болды және Қазақстанның үздік университеттерінің қатарында өз мәртебесін нығайтуды жалғастыруда.
– Жатақхана демекші, студенттер үшін ең керектісі баспана ғой. Осы жағын кеңінен ашып айтсаңыз?
– Негізгі оқу ғимаратынан 30 метр қашықтықта орналасқан жатақханамызды Студенттер үйі деп атаймыз. Себебі, білімгерлер үшін күнделікті ыңғайлы әрі салауатты өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалып, қонақүй үлгісінде қызмет атқарылады. Студенттер үйінде фитнес залдар, кинотеатр, бильярд және теннис үстелі бар. Арнайы қызметкерлер бөлмені тазалау, жатын орын жабдықтарымен қамтамасыз ету және жуып беру сияқты тазалау қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, студенттеріміз бен қонақтарымыз футбол, воллейбол, баскетбол алаңдарын қолдана алады. 24 сағат жұмыс істейтін қауіпсіздік қызметі кампустағы қызметкерлер, студенттеріміз бен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Студенттер үйінің жанында шетелден келген қонақтар мен оқытушыларға арналған бөлмелері жұмыс істейді.
– Соңғы жаңалықтардың бірі – университет ребрендинг жасағанына куә болдық. Осы жөнінде не айтасыз?
– Иә, Сулейман Демирель атындағы университет жас білім ордасы болса да, 28 жылға жуық уақытты қамтитын қызметі мен жетістіктері бар.
Ашылғаннан бүгінгі күнге дейін өз орны мен атын қалыптастыра білген SDU Орта Азиядағы топ жарған білім мекемелерінің біріне айнала алды. Білім беру мен бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бойынша еліміздің мықты жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына кірді. SDU түлектері алыс-жақын шетел мен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында түрлі салада еңбек етіп жүр. Әсіресе, жаратылыстану мен IT саласында топ жарып, жарқын нәтижелер көрсетіп келеді.
Қазақтың кең-байтақ даласында еркін ұшқан қыран құстай биікке ұмтылып, қанатын кең жайған түлектеріміз – біздің басты жетістігіміз. Себебі, олар үлкен өмірге талпынып, қадам басар шағынан мықты маман, жеке тұлға болып қалыптасуына дейін SDU-дан академиялық базадан бөлек, университеттің өзіндік қалыптасқан мәдениетінде тәлімтәрбие ала алды. Университеттің басты құндылығы шынайылық пен қарапайымдылық және еркіндік екенін ескерсек, әрбір түлек осы қасиеттерді де бойларына сіңіріп шықты. Біздің, жалпы, бүгінгі студент бейнесі сол, шынайы, қарапайым және еркін. Сондай-ақ, біз өз университетімізді ойы ұшқыр да еркін, әрі білім-ғылымға ұмтылған дарынды жастардың басын қосатын қара шаңыраққа айналуды мақсат тұтатын және оларға демеу мен қолдау жасайтын керегедей кең, уықтай берік болуға ұмтылатын білім мекемесі ретінде көреміз. Ұстанымдарымыз бен тарихымызды әрі нәтижелеріміз мен болашағымызды бір бейнеде шоғырландыру үшін, сондай-ақ, жаңа леп пен жарқын бейнені қажет деп білгендіктен, өзгеріс жасауды жөн көрдік.
Осыған орай, белсенді түлектеріміз бен университет жанашырлары, профессорлықоқытушылық құрам мен білімгерлерімізбен ақылдаса келе, біз университетіміздің атауын заман талабына сай жеңіл әрі оңай айтылуы үшін өзгертіп, төл таңбамызға өзгерістер енгіздік. Ендігі Сулейман Демирель атындағы университеттің жаңа атауы SDU University болып ресми өзгеретінін хабарлаймыз. Ал төл таңбамыздың, яғни логотиптің жаңа бейнесінде жоғарыда айтылған университет ұстанымдары мен құндылақтарын байланыстырып, ең алғашқы логотипіндегі бейнелерді ескере отырып, заманауи көзқараста жаңа бейнесі жасалып шықты. Кез келген логотип сол ұйымның тарихынан сыр шертетінін ескеретін болсақ, біздің университеттің де жаңа логотипінде алғашқы құрылған жылдан бергі көрінісі бір таңбада бейнеленген. Қоғам мен SDU University қауымдастығы жаңа өзгерісті жақсы қабылдайды деген үміттеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Кәдірбек Құныпияұлы