Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Құрылтайдың маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл кезеңге аса жауапкершілікпен қарау қажет деп санаймын. Құрылтай – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды институттардың бірі. Сондықтан оған дайындық пен сайлау үдерісіне қатысу әр азаматтан саналы көзқарас пен азаматтық белсенділікті талап етеді.
Бүгінде елімізде мемлекет дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Осындай уақытта халықтың ел болашағына қатысты бастамаларға белсенді араласуының маңызы арта түседі. Құрылтай сайлауы да – азаматтардың өз пікірін білдіріп, елдің алдағы даму бағытына өз үлесін қосуына мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Бұл ретте жаңадан құрылған Алатау қаласы үшін Құрылтайдың мәні ерекше. Қала өзінің қалыптасу және даму кезеңін бастан өткеріп келеді. Алатаудың болашақ келбетін қалыптастыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сондықтан жаңа қаланың әрбір даму кезеңінде тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша маңызды.
Осыған байланысты Алатау қаласында Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Тұрғындарға Құрылтайдың мақсаты мен маңызы түсіндіріліп, сайлау үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Басты міндет – әр азаматтың қажетті ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, өзінің азаматтық таңдауын саналы түрде жасауына жағдай қалыптастыру.
Құрылтай – тек сайлау науқаны ғана емес, елдің болашағына деген ортақ жауапкершілікті сезінудің маңызды көрінісі. Әсіресе жаңа құрылған Алатау қаласы үшін бұл кезеңнің маңызы зор. Себебі бүгінгі белсенділік пен жауапты таңдау қаланың ертеңгі дамуына да өз ықпалын тигізеді.
Әрбір азамат ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласуы тиіс. Өйткені елдің болашағы – баршаға ортақ. Ал сол болашақты қалыптастыруға жасалған әрбір саналы қадам Қазақстанның тұрақты дамуына қосылған үлес болмақ.
Риза САУРБАЕВА,
Алатау қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы

