Қарасай ауданында өңір экономикасын дамыту үшін аса маңызды «Көкөзек» қосалқы станциясының (ҚС-110/-10кВ) ашылу салтанаты өтті. Алдағы уақытта бұл станция осы аймақтағы 1362 жеке тұрғын үй мен жұмыс істеп тұрған 346 шағын және орта бизнес нысандарын үзіліссіз және жеткілікті электр қуатымен қамтамасыз етіп қоймай, қосымша өндіріс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға, сондай-ақ өндірістің барлық факторларының әлеуетін ашуға негізделу керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда “Көкөзек» қосалқы станциясын іске қосу пайда болған трансформаторлық қуат тапшылығын жоюға, жеке сектор мен шағын және орта бизнестің нысандарын электр қуатымен қамтамасыз етіп, жаңа тұтынушыларды кедергісіз қосуға, сонымен қатар жаңадан салынатын өндірістерді, қосымша жұмыс орындарын ашуға, инвестициялар тартуға қолайлы жағдай туғызбақшы.
Заманауи қондырғылармен жабдықталған «Көкөзек» станциясы жер көлемі жағынан шағын болғанымен, атқаратын қызметі ауқымды. Салынған нысанда әлемнің жетекші өндірушілерінің қазіргі заманға сай жабдықтары орнатылған. Бұл энергетикалық нысан стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. Қосалқы станцияда өрт және күзет дабылы орнатылған. Өрт сөндіру жүйесі жеке сорғыш станциясының ғимаратымен, жалпы көлемі 108 текше метр суға арналған резервуармен жабдықталған. Трансформатор резервуарларынан апатты түрде трансформатор майының төгілуін болдырмау үшін жер асты құбырлары арқылы қосылған көлемі 50 текше метр болатын қабылдағыштар қарастырылған. Демек, нысанның қоршаған ортаға қатысты қауіпсіздігі толықтай сақталалады деуге негіз бар.
Қосалқы станцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев шараға келген жұртшылықты маңызды нысанның ашылуымен құттықтап, іске қосылып отырған станцияның облыс пен Қарасай ауданының экономикалық дамуына тежеу болып келген мәселенің шешілуіне мүмкіндік беретінін баса айтты.
– Қарасай ауданында орналасқан кәсіпорындардың ел экономикасының дамуына қосар үлесі қомақты. Осы орайда, «Көкөзек» станциясы жаңа жобаларды іске асыруға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, олардың өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Әрқайсысы 63 мгв. болатын екі трансформаторы бар жаңа қосалқы станция кәсіпорындарды тұрақты әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашып отыр. Сонымен қатар станция бұл аймақта әлеуметтік, мәдени маңызы бар жаңа обьектілер салуға мүмкіндік береді, – деген өңір басшысы игі істі атқарған әрбір азаматқа, «Алатау жарық компаниясы» (АЖК) АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр-энергетикалық холдингі басшылығына алғысын білдірді.
Осыдан кейін сөз алған «Самұрық-Қазына акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ернат Бердіқұлов, мемлекет басшысының халыққа Жолдауларында, өзге де тапсырмаларында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына баса мән беріп отырғанын айта келіп, алдағы уақытта ел көлемінде қуаты 14 гегобат болатын жаңа энергетикалық нысандар салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Солардың 80 пайызы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының үлесіне кіреді. Осы орайда Алматы облысында орналасқан Кербұлақ және Қапшағай, су электр станцияларын, Алматы каскадты су электр станциясын, Шелек жаңартылатын электр қондырғыларын жаңғырту, дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады. Аталған жобалардың барлығы өңірді электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші.
Салтанатты жиында сөз алған «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов аталған нысанның пайдалануға берілуімен өңірдегі электр қуатына деген зәрулік біржолата шешімін табатынын айта келіп, қазірдің өзінде әлеуметтік жобалар мен бизнес өкілдерінен сұраныстар түсіп жатқанына тоқталды. Бұл құрылысты салу кезінде 200-ге жуық адам жұмысқа тартылса, енді бірнеше адам кәсіпорында тұрақты түрде еңбек етуге мүмкіндік алады. Ал, «АЛЭС» АҚ төрағасының кеңесшісі Серік Тютебаев, «Көкөзек» қосалқы станциясының салынуы жалпы Қазақстандағы энергетика саласын дамытуға бағытталған кешенді жобаның құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Сол сияқты бүгінгі күні қолға алынған «Сәтті» және «Көкпек» қосалқы станцияларының құрылысы осы кешенді шараның жалғасы болмақ. Жалпы соңғы жылдары «Алатау жарық компаниясы» соңғы жылдары Алматы қаласы мен облыста осындай 38 қосалқы станция салып, пайдалануға бергенін айта кету керек.
Айта кетерлігі, қуаты 110/10 кВ болатын «Көкөзек» қосалқы станциясы «АЖК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компаниялардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған болатын. Жалпы бұл жобаға 2,73 млрд. теңге жұмсалған. Бүгінде Алматы облысы энергожүйесін дамыту белгіленген жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, қолданыстағы электр желілерін жаңғырту және жаңа электр желілерін тарту, сондай-ақ ескірген жабдықтарды ауыстыра отырып, қолда бар трансформатор станцияларын реконструкциялау жұмыстары үзіліссіз атқарыла бермек.
Қуат Қайраңбаев,
Қарасай ауданы