Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол» акциясын өткізді. Бартоғай, Күрті су қоймасына қарасты 6 өндірістік мекемеде жұмыс істейтін еңбеккерлердің балаларына қаржылай көмек берілді.
Алты жыл қатарынан кәсіподақ қызметкерлер мен олардың отбасын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бірі – жыл сайын оқу жылы қарсаңында өткізілетін «Мектепке жол» акциясы.
«Алғашқы жылдары әр балаға 20 000 теңгеден берілсе, бүгінде көмек көлемі 50 000 теңге болды. Бұл – кәсіподақ тарапынан қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына және олардың балаларына көрсетіліп отырған қолдаудың нақты көрінісі. Осындай бастамалардың жылдан-жылға жалғасып, жақсы дәстүрге айналғаны бізді қуантады», – дейді филиал директоры Қайрат Бисембаев.
Шараға «Қазсушар» РМК жеке кәсіподағының төрағасы Қалыбек Құдайбергенұлы қатысты. Республика бойынша биыл «Қазсушар» мекемесінде қызмет ететін еңбеккерлер отбасынан 650 бала бірінші сыныпқа барады. Солардың бәріне бірдей кәсіподақ тарапынан қамқорлық көрсетілді.
«Кәсіподақ үшін әріптестеріміздің қуанышын бөлісу, қиын сәтте қолдау көрсету және олардың балаларына көңіл бөлу – маңызды міндеттердің бірі. Сонымен қатар жыл сайын «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы қызметкерлері балаларының жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы етіп ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл шілде айында 15 бала Қонаев қаласындағы жазғы лагерьде демалып қайтты. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастырып, ұжым мүшелері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдауды арттыруға күш саламыз», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы Ләззат Әлкеева.
Жаңа сатыға көтеріліп, оқушы атанғалы отырған балаларымыздың зейіні ашылып, болашақта білікті маман болатынына сеніміміз мол.
Елгүл НҰҒЫМАН
Талғар ауданы

