12 тамыз – Халықаралық жастар және спорт күніне орай, Райымбек ауданындағы «Шоғансай» демалыс орнында жастардың қатысуымен «Таза мекен – болашаққа үлес» атты экологиялық акциясы өтті.
Акцияның басты мақсаты – жастар арасында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялауға шақыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Игі іске Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы, Райымбек аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрберген Нұрқанатұлы, жастар қауымы және ауыл тұрғындары белсенді атсалысты.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы біз үшін игі дәстүрге айналды. Осындай акциялар ауданымызды көркейтіп, тазалығын сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ ұжымды ортақ іске жұмылдырады. Қоршаған ортаға деген жанашырлық әр адамның, әр отбасының және әр ұйымның жеке жауапкершілігінен басталады, – деді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы.
Шара барысында жастар демалыс орнының аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Осылайша табиғат тазалығына үлес қосқан қатысушылар бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар, спорт күніне орай жастар арасында көңілді әрі тартысты эстафеталық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің шапшаңдығы мен командалық рухын сынады.
Шара соңында белсенділік танытып, эстафеталық сайыстарда үздік нәтиже көрсеткен жастар марапатталып, Алғыс хаттар табысталды.
Бір күннің өзінде табиғатқа жанашырлық, спорттық белсенділік, достық пен ұйымшылдық тоғысқан ерекше шара өтті.
Таза мекен – таза болашақ!
Салауатты жас – жарқын болашақ!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы

