Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың облыс тұрғындарымен кездесуі өтті. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асхат Бердіханов аймақты газдандыру жайына тоқталды.
– Бүгінде 149 елдімекен көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Биыл 18 ауылда құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп, бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін 7 нысан қосылады. 42 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен 595,0 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, сұйытылған газбен қамтамасыз етумен облыс аумағында тіркелген 19 аккредиттелген газ желісі мекемесі жұмыс істейді. Ай сайын облысқа 5-6 мың тонна газ бөлінеді. Қажеттілік 10 мың тонна болғанда, жетіспейтін көлемі коммерциялық сұйытылған газбен жабылады. Қазіргі таңда барлық газ желісі ұйымдары 2023 жылдың 4 тоқсанына газ жеткізу үшін зауыттармен келісімшарт жасасқан, – деді басқарма басшысы.
Сөз кезегін алған Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан саясат туралы мағлұмат берді.
– Министрліктің қазіргі қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарға шоғырланған. Сондай-ақ газ инфрақұрылымы, электрмен, жылумен қамтуды іске асыру және мұнай өнімдері мен сұйытылған газды бөлу салаларында мемлекеттік саясатты жүргізеді. Электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. 9 айдың қорытындысында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 5,1 млрд кВт сағатты құраса, тұтыну мөлшері 8,9 млрд кВт сағатты құрады. Облыста электр энергиясын шекті тарифтер бойынша өткізетін 2 энергия өндіруші ұйым бар. Олар – «Алматы электр станциялары» АҚ, «Мойнақ ГЭС» АҚ. Электр желісінің физикалық тозуы 93 пайыз болып отыр. Облыс халқы үшін электр энергиясының кепілдік беруші жеткізушісі «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС болып табылады. Облыс жаңартылатын энергия көздерін дамытудың жоғары әлеуетіне ие. Өңірде 10 жылу электр стансасы, 7 су электр стансасы, 6 күн электр стансасы бар. 2027 жылға дейін қуаттылығы 11,9 МВт болатын 4 нысанның құрылысы жоспарлануда. Облысты газдандыру деңгейі биылғы жыл басындағы жағдай бойынша 73,5 пайыз болды. Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында жалғасып жатқан 2 және жаңа 5 жобаны іске асыруға 1,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, – деген елордалық мейман келесі жылы 5 елдімекенді газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 405 млн теңге қарастырылғанын айтты.
Вице-министрдің айтуынша, күзгі дала жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 426 мың тоннадан астам дизель отыны бекітілген. Барлық өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының литрі 250 теңге болып белгіленген. Алматы облысына 7,1 мың тонна дизель отыны бөлініп, 2,6 мың тоннасы жөнелтілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекітті. Облыста сұйытылған газдың шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 81-86 теңгені құрады. Өңірде шамамен 8 газ толтыру және 236 автомобильге газ құю стансасы қызмет көрсетеді. Сұйытылған газды тұтыну қаңтар-тамыз айларында шамамен 94,4 мың тонна болған.
Әлібек Жұмабекұлы министрлік тарапынан ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның көтерілуі мен алыпсатарлыққа жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған газ нарығын реформалау бойынша шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек етті. Аталған мәселелердің барлығы Үкіметтің тұрақты бақылауында екеніне сендірген Ә. Жамауов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанына жұртшылықтың назарын аударды.
«Альянс-газ» ЖШС өкілі Дамир Садырбеков облысқа бөлінетін сұйтылған газ көлемінің мөлшері өзге өңірлерден аздығын алға тартып, соны көбейтуге ықпал жасауын сұрады. Залдан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берген вицеминистр талқыланған бірқатар өзекті мәселелердің 2-3 ай көлемінде шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, ниет білдірген азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы