Перейти к содержимому
Главная страница » Байсерке аспанында авиациялық мереке басталды

Байсерке аспанында авиациялық мереке басталды

Іле ауданының Байсерке ауылында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесіне орай баспасөз мәжілісі өтіп, онда шараның мақсаты мен маңызы, авиация саласын дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға тарту және өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағыттары сөз болды. Жиынға «СП «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, «Отан» аэро-клубы қоғамдық бірлестігі мекемесінің басшысы Юрий Ельцов, «Тянь-Шань» авиациялық ұшу орталығының бас директоры Владимир Анцупов және «Қазақстандық шағын авиация қауымдастығының» президенті Өмірбек Кеңесбаев қатысып, авиациялық мерекенің мән-маңызына тоқталды.

Баспасөз мәжілісінде қатысушылар авиацияның тек кәсіби сала ғана емес, өскелең ұрпақтың арманын қанаттандыратын, техникалық білімге қызығушылығын арттыратын маңызды бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар шағын авиацияны дамыту, авиациялық мәдениетті қалыптастыру, жастарға әуе кеңістігінің мүмкіндіктерін таныстыру және осындай бұқаралық шаралар арқылы тұрғындардың авиацияға деген қызығушылығын арттырудың маңызы айтылды.

Айдын Айымбетов бастаған сала мамандары үшін мұндай басқосулардың тағы бір ерекшелігі – авиацияның қолжетімді мүмкіндіктерін көпшілікке көрсету. Әсіресе жастардың ұшқыш, инженер, техник сынды мамандықтарға қызығушылығын оятып, олардың болашақ кәсіби бағдарын қалыптастыруға ықпал ететініне мән берілді. Осыдан кейін Іле ауданының Байсерке ауылында аспан әлеміне қызығушылық танытқан көпшілікті бір арнаға тоғыстырған «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесі басталды. Ашық аспан астындағы ерекше шара авиация әуесқойларына ғана емес, өңір тұрғындары мен қонақтарына да көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

Әуеде қалықтаған әуе кемелері, авиациялық техника, түрлі көрсетілімдер мен мазмұнды бағдарламалар мерекенің басты сәніне айналмақ. Авиация мен туризмді тоғыстырған шараның негізгі мақсаты – аспан әлеміне деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін жаңа қырынан таныту.

Шара барысында келушілер авиация саласының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, сала мамандарымен жүздесіп, әуе техникасын тамашалауға мүмкіндік алды. Әсіресе жас көрермендер үшін бұл – мамандық пен арманды ұштастыратын тағылымды мүмкіндік. Алаңға жиналған жұртшылық үшін бұл күн – тек әуе техникасын тамашалайтын ғана емес, жаңа әсер мен тың дүниелерге жол ашатын ерекше мереке. Авиация мамандарының тәжірибесі мен кәсіби әңгімелері, әуе кемелерінің көрсетілімі, ашық аспан астындағы еркін атмосфера шараның мазмұнын байыта түсті.

Бүгін Байсерке аспаны ерекше әуенмен тыныстап, көк жүзінде қалықтаған қанаттар өңірдің туристік мүмкіндігін жаңа қырынан танытып отыр. Авиация мен әсем табиғат тоғысқан бұл мереке аспан әлеміне қызығушылықты арттырып қана қоймай, жаңа бастамаларға серпін беретін мазмұнды алаңға айналуда.

«Байсерке аспаны – 2026» – көкке самғаған әуе кемелерінің ғана емес, биік арман мен үлкен мүмкіндіктердің мерекесі. Қанат қаққан әрбір ұшақ жас ұрпаққа жаңа көкжиектерді меңзеп, Байсерке төріндегі бұл ерекше күнді көпшіліктің жадында қаларлық жарқын оқиғаға айналдырмақ.

Құралбек СӘБИТОВ