Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылынан Нұркен Жақашовтай азаматты жолықтырдық. Шалғай ауылда тұратын тамаша өнертапқыш. Жасы 60-тан жаңа асқан Нұркен – осы ауылдың бір перзенті . Әкесі Бейсенбай Жақашев соғыс ардагері, анасы Гүлдархан Мәмекқызы тыл ардагері, атасы Жақаш ұста болған. Әкесі мен анасының тәлімі мен тәрбиесін, өмірлік өнегесін көрген Нұркен де ақылды, ойлы, зейінді, еңбекқор болып өсті. Өз тұсында Жалаңаш ауылындағы қазіргі С. Бейсенбетов атындағы орта мектепті, Алматы қаласындағы политехникалық институтты бітірген. Мамандығы – инженер-гидрогеолог. Сол институтта бірге оқыған Роза Жақашевамен көңіл жарастырып, үйленген екен. Мамандығын жетілдірген Роза – қазір Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің үлгілі ұстазы. Нұрекеңнің еңселі үйінің алды, ауласы өзі ойлап тапқан, қолдан жасаған дүниелеріне толы. Түрлі шаруаға қажетті станоктары бар. Қолдан жасалған ағаш тілетін, жонатын, өңдейтін дүниелерді көріп, риза болдық. Электр қайрақ, картоп турағыш, егеуқұйрық ұстауға арналған, қолдан арқан есетін құралдар бар. Тас көмірдің ұсағы мен қиды қосып, отқа жағатын кішкентай кірпіштер (брикет) дайындайды екен.
-Бұл кірпіштер пеште 12-15 сағатқа дейін жанады. Қызуы да жақсы, – дейді Нұрекең күлімсіреп. Кәдімгі құмыра жасайтын құрал орнатып қойыпты. Нұркеннің отбасында барлық жұмыс автоматтандырылған десе болады. Жапониядан шыққан шағын тракторына арнап картоп тұқымын отырғызатын, қопсытатын, қазатын құралдар жасап қойған. Оның игілігін ел-жұрт та көріп жүр екен. Нұркеннің балықты кептіріп, ыстайтын, құрт пен қазыны ыстайтын, қолдан жасап қойған дүниесіне қызыға қарадық.
-Шын мәнінде ысталған құрттың бағасы жоғары болады екен. Бірде базардан ысталған кішкентай құрттың әр талын 250 теңгеден сатып тұрғанын көрдім. Неге қымбат десем, ысталған құрт дейді. Расында дәмді екен. Соны көріп осыны жасап қойдым, – дейді Нұркен.
Бұл шаңырақтағы жаздық үйдегі қазан-ошақты көрген де арманда, көрмеген де арманда. Жақсылап орыс пешін жасап тастапты. Оған түрлі нан, тәтті тоқаштарды пісіре беруге болады. Өнертапқыш азамат шаңырағындағы ас үйдің қабырғасына қаңылтыр темірден тамаша жасалған тауыстың бейнесін іліп қойыпты. Жап-жақсы жерді алып тұрған тауыстың бейнесіне қызыға қарадық. Ал, қазір қонақүйіне арнап кәдімгі салбырап, мөлдіреп тұрған жүзімнің бейнесін жасап жатыр. Біз тұла бойы өнерге, тамаша тың идеяларға, өнертапқыштық қасиетке толы Нұркенге дән риза болдық. Игілікті шаруасы үшін бұзылып, жарамсыз болып қалған кіржуғыштың тағы басқалардың моторларын пайдаланады екен. Рас, бір дүние, құрал жасауды ойластырған, қамдастырған, соны жүзеге асырғанға бар ниеті ауған адам жасайтынын жасайды, жүзеге асырып отырады. Нұрекеңнің жақсы қасиеті адам қызығарлық. Розадай жары екеуі ауылдағы өсіп-өнген, өнегелі отбасы иесі. 2 ұл, 2 қыз өсіріп, қанаттандырған. 12 немересі бар.
– Бізге келсең жаз айларында кел. Неше түрлі тамашаға тап боласың. Бау-бақшалықпен де айналысамын. Жанға керектіні алыстан іздеудің қажеті шамалы. Жалпы, ерінбей еңбектенсең, бәрін жасауға болады, – дейді еңбекқор өнертапқыш Нұркен қонақжай пейілімен.
Рас, өзі айтқандай, жанға керекті алыстан іздемейтін, қолымен жасап алатын Нұркенді қалай мақтаса да, дәріптесе де жарасып тұр. «Жаныңыз жамандық көрмей, бала-шағаның бақытын қызықтап, ұзақ ғұмыр кешіңіз» дедік шын көңілімізбен.
Кеген ауданы,
Қанат Біржансал