Байсерке аспанында желбіреген «Құрылтай» туы мен көк жүзін тіліп өткен әуе кемелерінің әсерлі шеруі «Байсерке аспаны – 2026» авиашоуының мазмұнын айшықтай түсті.
23 тамыз – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды күндердің бірі. Осыған орай әуе өнерінің шеберлері көпшілікті ел болашағына қатысты маңызды бастамалар талқыланатын Құрылтай жұмысына белсенді қатысуға, ел дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Ал желбіреген «Құрылтай» туымен көк жүзін шарлаған Ми-2 тікұшағы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ауқымды авиашоу авиацияға қызығушылық танытқан жұртшылықты ғана емес, отбасыларды, жастарды және өнерсүйер қауымды бір алаңға тоғыстырған ауқымды мерекеге айналды.
Ашық аспан астындағы шара барысында әуе көрсетілімдері концерттік бағдарлама, түрлі ойындар мен жарыстар, экологиялық бастамалар және кешкі музыкалық бағдарламаға ұласып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Салтанатты шараның басты өзегі – әуе кемелерінің шеберлік көрсетілімі болды. Түс ауа бағдарлама Ми-8 тікұшағының ұшуымен жалғасып, артынша жоғары пилотаж шеберлері көрермен назарын көк жүзіндегі күрделі қимылдарға аударды. Як-18Т, Як-52 және Як-55 ұшақтарын тізгіндеген кәсіби ұшқыштар әуеде сан түрлі пилотаждық фигураларды орындап, өздерінің жоғары шеберлігін паш етті. Як-18Т ұшағын басқарған Андрей Анцуповтың күрделі элементтері, Вячеслав Цаплин тізгіндеген Як-52 ұшағының акробатикалық қимылдары көпшіліктің ерекше қошеметіне ие болды. Әрбір бұрылыс пен әуедегі қозғалыстың артында үлкен дайындық, дәлдік пен тәжірибе тұрғаны анық байқалды. Пилотаждық бағдарламаның әсерлі сәттерінің бірі – Валерий Малофеев пен Сергей Соколов басқарған қос Socata ұшағының топтық ұшуы болды. Екі әуе кемесінің бір мезетте, бір ырғақта қозғалып, аспан төрінде мінсіз үйлесіммен әрекет етуі көрермендерді тәнті етті. Ал парашютшілердің биіктен секіріп, белгіленген орынға дәл қонуы мерекенің әсерін одан әрі арттырды. Бағдарлама жеке орындаушылардың өнерімен де жалғасты. Асқар Айтелиев пен Юрий Ельцов Як-55 ұшағымен, Андрей Анцупов Як-52 ұшағымен күрделі пилотаждық фигураларды музыкалық сүйемелдеумен орындады. Әуедегі қимыл мен әуезді әуеннің үйлесуі авиацияны техникалық мүмкіндіктермен қатар, өзіндік өнер ретінде қабылдауға мүмкіндік берді.
«Байсерке аспаны – 2026» авиашоуының тағы бір ерекшелігі – шараның тек әуе көрсетілімдерімен шектелмей, көпшілікке арналған кең көлемді мерекелік форматта ұйымдастырылуы. Мерекелік алаңда қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, тазалыққа да айрықша мән берілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақты жинақтау, қоқысты реттеу және қоршаған ортаның тазалығын сақтау жұмыстары жүргізілді.
Көк жүзіндегі дүбірлі бағдарлама аяқталған соң да Байсеркедегі мерекелік көңіл күй басылған жоқ. Кешкі бағдарлама DJ-сетпен жалғасып, көрермендер күн бойғы әсерлерін бөлісіп, музыка мен көңіл көтеруге ұласты. Ал Байқоңырға жолдама мен смартфон ұтысы көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады. Балалардың таңданысы, үлкендердің әуе көріністерін ұялы телефондарына түсіруі, әрбір пилотаждық қимылдан кейінгі қошемет – мерекенің көрермен жүрегінен орын алғанын аңғартты. Бір күнге Байсерке аспанын әуе өнерінің үлкен сахнасына айналдырған «Байсерке аспаны – 2026» көпшілікке жарқын әсер сыйлап, авиацияға деген қызығушылықты арттырған есте қаларлық мереке ретінде тарихта қалды.
Құралбек СӘБИТОВ

