Перейти к содержимому

Акцияға атсалысты

30 қаралым

Кеген ауданы Тасашы орта мектебі жанындағы интернатта республика­лық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы «Әр балаға қуаныш сыйлайық!» ұранымен өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қолдау көрсету, оларды жаңа оқу жылына жан-жақты дайындауға ықпал ету, әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектептен тыс қалуының алдын алу.
Акция аясында жомарт жандар балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауы үшін барынша қолдау білдірді. Кәсіпкерлер – Сара Қасымханова, Эльмира Оразымбетова, Гүлнара Халивалиева, Диана Жандосқызы, Сымбат Шағанаева интернат тәрбиеленушілерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Интернат ұжымы қайырымдылық акциясына атсалысқан жомарт жандарға ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында бір отбасынан бірнеше баланы мектепке дайындау, оларға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу оңай бола бермейді. Әсіресе көпбалалы отбасылар үшін бұл айтарлықтай жауапкершілік. Осындай игі бастамалардың арқасында балаларымыз жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алғалы отыр. Қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді Тасашы орта мектебі жанындағы интернат меңгерушісі Құралай Оқасова.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай игі істердің көпшілік болып жүзеге асуы – мейірімділік пен бірліктің айқын көрінісі екені анық.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы