Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕCІ САРАЛАНДЫ

СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕCІ САРАЛАНДЫ

65 қаралым

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен спорт саласының дамуы жайын талқылаған жиын өтті. Басқосуға Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Дулатбек Серікұлы және өңірдегі спорт мекемелерінің басшылары қатысты.


Келелі басқосуда спорт саласы бойынша 2026 жылдың 7 айының қорытындысы сараланып, күн тәртібіне сәйкес алғашқы сөз спорт басқармасының бөлім басшысы Дулатбек Құсбековке берілді. Ол өз сөзінде өңіріміздегі спорт резервін даярлау жүйесінде 33 спорт ұйымының жұмыс істейтінін, сонымен қоса 67 спорт түрі бойынша 25 285 спортшыны даярлау жұмысына 969 жаттықтырушы жұмылдырылғанын айтты.
– Облысымызда дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған 1 232 спорттық нысан бар. Бүгінгі күні Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарында 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Кеген ауданының Жалағаш ауылындағы және Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы спорт кешендерін аяқтау жоспарлануда. Облысымызда спорт инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарту бағытында да бірқатар жоба іске асырылуда. Оның ішінде Талғар ауданында «Atletico de Madrid» футбол академиясы 2025 жылы іске қосылған болса, сондай-ақ аталған ауданында «KFF Academy by Almaty International Airport» академиясының құрылысы жүргізілуде. Балқаш ауданының Бақбақты ауылында спорт нысаны мемлекет меншігіне беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде, – деді Дулатбек Серікұлы.


Сонымен қатар 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы Алматы облысының Ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының басшысы Елдос Асылбекұлы баяндама жасап, халықаралық додаға Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында Алматы облысынан көкпар және бәйге спорт түрлері бойынша 14 спортшының қатысатынын және оның ішінде көкпардан ұлттық құрама сапында Алматы облысының 5 спортшысы, ал бәйге спорт түрінен іріктеу жарыстарынан оза шыққан 9 шабандоз Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сынға түсетінін тілге тиек етті.
Жиын барысында 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында өтетін ХХ Жазғы Азия Ойындары бойынша Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының басшысы Досжан Байжөке баяндады. Ол осы жауапты жарысқа Алматы облысының спортшыларын сапалы дайындау бағытында Олимпиадалық резервтер дайындау орталығы мен Спортты дамыту дирекциясының кешенді әрі жүйелі жұмыстарды бастап кеткеніне тоқталды.
– Бүгінгі таңда облысымыздан Азия Ойындарына үміткер ретінде спорттың 12 түрінен 20 спортшы іріктеліп, жолдама ұтып алды. Спортшыларымыздың Азия Ойындарында жоғары нәтижелерге жетуі үшін бүгінгі таңда сапалы оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде ұйымдастырылып, толыққанды материалдық-техникалық қолдау көрсетілуде, – деді ол.
Айта кетейік, маңызды жарысқа үміткерлер арасында халықаралық тәжірибесі мол саңлақтар да, жас дарындар да бар.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына және басқармаға қарасты мекеме басшыларына спортшыларды даярлау сапасын арттыру, спорт резервін күшейту және жоғары нәтижелі спортты дамыту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен ХХ Жазғы Азия Ойындарына қатысатын Алматы облысының спортшыларына қажетті ұйымдастырушылық және материалдық қолдауды қамтамасыз етуді және спорт саласындағы жетістіктер мен маңызды жобаларды ақпараттық кеңістікте кеңінен насихаттауды тапсырды.

Алтынай СЕЙІТКЕН