Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ит немесе мысық тістеп алса: нені білу керек және қалай әрекет ету қажет?

Ит немесе мысық тістеп алса: нені білу керек және қалай әрекет ету қажет?

39 қаралым

Итпен немесе мысықпен кездесудің соңы әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Кейде жануар адамды тістеп немесе тырнап алуы мүмкін. Терідегі шағын ғана жарақат сырт көзге елеусіз көрінгенімен, оның салдары әлдеқайда күрделі болуы ықтимал.
Олардың тістеуі – тек тіндердің механикалық зақымдануын ғана емес, мұндай жағдайда бактериялық инфекция қаупін, сіреспенің алдын алу қажеттілігін және ең бастысы – құтыру вирусын жұқтыру ықтималдығын міндетті түрде ескеру қажет.
Балаларды тістеу жағдайлары ерекше назар аударуды талап етеді. Бала қорқып, болған жағдайды үлкендерге айтпауы немесе жарақаттың маңызын бағаламауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар білуі керек: егер ит немесе мысық теріні тістеп алса немесе сырып кетсе, тіпті кішкентай тырналу немесе тесілген жара болса да, оған бейжай қарауға болмайды.

Тістеп алғаннан кейін алғашқы минуттарда не істеу керек?
Қашан травматологқа қаралу қажет? Қандай жағдайда құтыруға қарсы профилактика жүргізіледі? Неліктен алғашқы белгілердің пайда болуын күтуге болмайды?

Осы сұрақтарға Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының травматологтары, инфекционистері және невропатологтары жауап береді.

Ең алдымен өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп, жануардан алыстаңыз.
Содан кейін жараны мүмкіндігінше тезірек ағынды сумен және сабынмен кемінде 15 минут мұқият жуыңыз. Егер сабын болмаса, жарақаттанған жерді көп мөлшердегі сумен ұзақ уақыт шайыңыз.
Бұл жай ғана тұрмыстық кеңес емес. Жараны мұқият жуу ластануды механикалық түрде кетіріп, жарадағы микроорганизмдердің санын азайтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай өңдеуді құтыру вирусымен ықтимал байланыстан кейінгі алғашқы көмектің ең маңызды кезеңдерінің бірі деп есептейді.
Одан кейін міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз.
Қан тез тоқтап, жара шағын болып көрінсе де, дәрігер жарақаттың тереңдігін және асқыну қаупін бағалауы тиіс.

Травматолог нені бағалайды?
Жануардың тісі тек теріні ғана емес, бұлшықеттерді, сіңірлерді, қан тамырларын және жүйкелерді де зақымдауы мүмкін. Әсіресе қолдың алақаны мен саусақтарының тістелуі қауіпті, себебі мұндай жаралар ауыр қабынуға және қол қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Дәрігер жараның орналасуын, тереңдігін, тіндердің жаншылуын, ластануын және инфекция белгілерінің бар-жоғын анықтайды.
Кейбір жағдайларда бактерияға қарсы профилактика қажет болуы мүмкін. Бұл шешімді жарақаттың сипаты мен қауіп факторларын ескере отырып дәрігер қабылдайды.
Тістелген жараны өз бетіңізше тігуге болмайды. Хирургиялық өңдеу қажеттілігі мен әрі қарайғы емдеу тактикасын тек медицина қызметкері анықтайды.

Мысықтың тістеуі неге қауіпті?
Мысықтың тістеген жері көбіне жеңіл жарақат сияқты көрінеді. Оның өткір тістері теріде тез жабылатын ұсақ тесіктер қалдырады.
Алайда жарақаттың тереңдігі көзге көрінгеннен әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. Бактериялар терең тіндерге түсіп, қабынуға әкелуі ықтимал.
Сондықтан қол мен саусақтағы жарақаттарға ерекше мән беру қажет.
Егер ауырсыну күшейсе, ісіну, қызару, жара айналасының қызуы, ірің бөлінуі немесе жалпы жағдайдың нашарлауы байқалса, шұғыл түрде дәрігерге қаралыңыз.
Құтырудың алдын алу
Қауіпті болуы мүмкін кез келген жануар тістегеннен кейін құтырудың алдын алу мәселесі міндетті түрде қаралады.
Құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық ауру. Клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін бұл ауру дерлік әрдайым өліммен аяқталады.
Алайда аурудың алдын алудың тиімді жолы бар – уақытында жүргізілген байланыстан кейінгі профилактика.
Сондықтан ең қауіпті қателік – тістегеннен кейін ештеңе істемей күту.
Өзіңізді жақсы сезінуіңіз профилактиканың қажет еместігін білдірмейді.
Міндетті түрде медициналық мекемеге барып, мамандарға қаралыңыз. Олар жағдайды бағалап, әрі қарайғы әрекетті анықтайды.
Егер сізді өзіңіздің немесе таныс адамның иті не мысығы тістесе, дәрігерге жануардың үй жануары екенін, денсаулық жағдайын және құтыруға қарсы вакцина алған-алмағанын хабарлаңыз.
Бұл мәліметтер қауіп деңгейін бағалауға көмектеседі.
Алайда «үй жануары болғандықтан қауіп жоқ» деген шешімді өз бетіңізше қабылдауға болмайды.
Егер жануар белгілі болып, оны бақылауға мүмкіндік болса, әрі қарайғы бақылау мәселесі медицина және ветеринария қызметтерімен бірлесіп шешіледі.
Белгісіз немесе агрессивті жануарды өз бетіңізше ұстауға тырыспаңыз.

Неліктен уақыт жоғалтпау керек?
Құтыру вирусы ағзаға енгеннен кейін жүйке жүйесі арқылы таралады.
Алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жалпы жағдайдың нашарлауы сияқты қарапайым симптомдар болуы мүмкін.
Кейіннен үрей, қозғыштық, жұтынудың қиындауы, құрысулар, салдану және судан қорқу сияқты ауыр неврологиялық бұзылыстар дамиды.
Бірақ мұндай белгілердің пайда болуын күтуге болмайды.
Олар басталған кезде медицинаның мүмкіндігі өте шектеулі болады.
Сондықтан дәрігердің негізгі мақсаты – аурудың алдын алып, профилактиканы уақытында бастау.
Әрбір жануармен байланыс міндетті түрде толық құтыруға қарсы вакцина курсын қажет етеді деген сөз емес.
Дәрігер байланыс сипатын бағалайды:
тек жанасу болды ма;
тері зақымдалды ма;
тістеу болды ма;
жара қай жерде орналасқан;
жануардың сілекейі жараға немесе шырышты қабыққа түсті ме?!
Кейбір жағдайларда вакцинадан бөлек құтыруға қарсы иммуноглобулин немесе басқа профилактикалық препараттар енгізілуі мүмкін.
Сондықтан вакцина қажет пе және қанша екпе салынатынын өз бетіңізше шешуге болмайды.
Сіреспе қаупі
Тістелген жараларда сіреспе қаупі де ескеріледі.
Дәрігер соңғы рет сіреспеге қарсы вакцина қашан салынғанын және екпелердің ұлттық күнтізбеге сәйкес жүргізілгенін анықтайды.
Қажет болған жағдайда қосымша профилактика жасалады.
Әсіресе балалардың вакцинация мәртебесін білу маңызды. Егер ата-анасы нақты күнін есіне түсіре алмаса, бұл туралы дәрігерге айту қажет. Қажетті мәліметтер медициналық құжаттар арқылы нақтыланады.

Невропатолог дәрігері нені ескертеді?
Жануар тістеген кездегі негізгі неврологиялық қауіп – құтыру вирусының орталық жүйке жүйесін зақымдауы.
Невропатологтың міндеті – белгілердің пайда болуын күту емес, аурудың даму механизмін түсіндіру.
Сондықтан күмәнді жағдайда профилактикалық шараларды уақытында бастап, жүйке жүйесі тарапынан өзгерістерді күтпеу қажет.
Егер тістегеннен кейін жара аймағында ерекше сезімдер, айқын әлсіздік, сезімталдықтың бұзылуы немесе басқа неврологиялық белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.

Тістеп алғаннан кейінгі қысқаша жадынама

Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп, жануардан алыстаңыз.

Жараны сабынды сумен кемінде 15 минут жуыңыз.

Жараны антисептикпен өңдеңіз.

Мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге барыңыз.

Дәрігерге жануар және тістеу жағдайы туралы барынша толық ақпарат беріңіз.

Сіреспеге қарсы вакцина мәртебеңізді нақтылаңыз.

Дәрігер тағайындаған құтыруға қарсы профилактиканы толық аяқтаңыз.

Не істеуге болмайды?
Кішкентай тесілген жара қауіпсіз деп ойламаңыз.

Құтыру белгілерінің пайда болуын күтпеңіз.

Жараны агрессивті химиялық заттармен күйдірмеңіз.

Тістелген жараны өзіңіз тігуге тырыспаңыз.

Белгісіз немесе агрессивті жануарды ұстауға әрекет жасамаңыз.

Ең бастысы, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз.

Ең бастысы, уақытты жоғалтпаңыз.
Ит немесе мысықтың тістеуі – аса жауапкершілікпен қарауды қажет ететін жағдай.

Травматолог жарақаттың ауырлығын және жергілікті асқыну қаупін бағалайды. Инфекционист құтыру мен сіреспенің алдын алу қажеттілігін анықтайды. Ал невропатолог құтыру кезінде жүйке жүйесінің зақымдану қаупін ескертеді.

Барлық мамандардың ортақ қағидасы біреу – профилактиканы уақытында бастау қажет.

Көпшілік ең алдымен жараның өзіне көңіл бөледі. Алайда көзге көрінбейтін қауіптерді дер кезінде анықтау әлдеқайда маңызды.

Сондықтан әр адам мына қарапайым алгоритмді есте сақтауы керек:

Жуу → Өңдеу → Дәрігерге қаралу → Дәрігердің ұсынымдарын орындау.

Жануар тістеген жағдайда дер кезінде көрсетілген медициналық көмек ауыр зардаптардың алдын алудың шешуші факторы болуы мүмкін.

Айна МҰҚАНОВА,
Қонаев қалалық ауруханасының баспасөз хатшысы