Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Көктеректегі көптің шаттығы 

Көктеректегі көптің шаттығы 

58 қаралым

Тұрғындарды баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары аясында  Іле  ауданының   Көктерек ауылында 24 отбасыға  баспана кілті табысталды.

Салтанатты шараға  Іле  ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов пен  бірқатар  бөлім басшылары және  ауыл  тұрғындары  қатысты. Баспаналар «Отбасы банк» арқылы үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. «Баспана – адам баласы мен әрбір жанұяның бақыт мекені. Шаңырақтарыңыз тек шаттыққа толып, үйдің ішінде балалардың сыңғыр күлкісі естілсін. Баршаларыңызды тағы да баспаналы болуларыңызбен, жаңа қоныстарыңыз-бен  құттықтаймын»,  –  деді жаңа үй иелеріне ізгі тілегін білдірген  Қайыржан Серікбайұлы.

Баспанаға ие болып, қуанышы қойнына сыймай отырған жандардың бірі – Ғазиза Біләл. Ол осыдан он төрт  жыл   бұрын  үй кезегіне тұрған еді. Жылдар бойы жалдамалы пәтер жалдып, кейде жақындарының  үйін жағалап жүріпті.  Ол елдің тарихи жаңғыру кезеңінде баспана бұйырғанын  айтып тебіренді. «Үш  перзентім бар.  Баспанаға  қолым жеткеніне өте қуаныштымын. Бұл баспана бізге  ұзақ жылдық  жалдамалы тұрғын үй ретінде берілді. Мұнда барлық  жағдай жасалған.  Осындай мүмкіндік берген облыс және аудан  әкімдігіне алғысым шексіз», – деп жылы лебізін білдірді.

Қазір  Іле ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 5770 адам тіркелген.  Биыл   Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру аясында баспана  кезегінде тұрған азаматтарға 300 үй берілмек. Осылай   өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғаспақ.

Ерзат АСЫЛ

Іле  ауданы