Перейти к содержимому

Жылыжайда қияр егілуде

30 қаралым

 «Еңбек етсең емерсің, ерінбесең жеңерсің» дейді дана халқымыз.Тек еңбек пен талпыныс қана адамды алға жетелейтіні анық. Осы қағиданы өмірлік ұстанымы етіп, ерінбей еңбек етіп, жердің бабын тауып, соның берекесін көріп отырған жанның бірі – Райымбек ауданының тұрғыны Айдос Нұрбақытұлы. Ол Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қызылұш қырқасында жылыжай шаруашылығын қолға алған. Бүгінде мұнда құлпынай мен қияр егіп, жергілікті өнім өсіруде.

Кәсіпкер бұл істі 2022 жылы бастаған. Алғашында шағын көлемде құлпынай өсіріп көріп, алғашқы өнімнен кейін кәсібін кеңейтуге бел буған. Қазір 35 сотық жерге құлпынай, ал 5,5 сотық аумаққа қияр егеді. Оның айтуынша, әрбір жеміс түріне айрықша қамқорлық қажет.

– Тиісті талабын сақтай алса, жылыжайда барлық көкөніс пен жемісті өсіруге болады. Ол үшін қажетті жағдайды жасау керек. Мәселен, қиярды 3-4 ай бұрын еккен едік. Ол да бойын тіктеп, жылыжайда өсетінін дәлелдей түсті. Енді гүлдей бастады, – деді Айдос Нұрбақытұлы.

Шаруашылықта Италияның «Мурано» сорты, сондай-ақ қиярдың бірнеше гибриді өсіріледі. Тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кәсіпкер өнім көлемін арттырып, алдағы уақытта құлпынайға арналған жаңа жылыжай салуды жоспарлап отыр.

«Еңбек еткен мұратына жетеді» деген. Еңбектің нәтижесі көзге көрініп тұр. Өз жерімізде өсірілген өнімнің аудан тұрғындарының дастарқанына жол тартуы – ауылдағы кәсіптің дамып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы