Перейти к содержимому

Қарақыстақта қызу еңбек

34 қаралым

          Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында егін орағы қарқынды жүргізілді. Соның арқасында осындағы «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі егін алқабынан мол өнім алынуда. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды науқанға астық оратын, дәнді қамбаға тасымалдап, жинайтын қажетті техникалар жұмылдырылып, дала төсі еңбек дүбіріне бөленді.

         Биыл егістік алқаптарынан алынып жатқан өнім көңіл қуантады. Диқандар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға еселі еңбегімен үлес қосуда. «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы егістік жерінің көлемі 1 927 гектар. Соның 850 гектарына жаздық арпа, 864 гектарға күздік бидай себілген болса, 213 гектар жер парға айдалған. Мұнда әсіресе суармалы алқаптың өнімділігі жоғары болды. Онда әр гектардан 35–43 центнерге дейін өнім алынды. Бұл – шаруалардың жыл бойғы еңбегі мен агротехникалық шараларды дұрыс жүргізудің нәтижесі. Егін орағы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға баса назар аударылды. Сарғайып, толық піскен егін өртке аса қауіпті болғандықтан, шаруашылық басшылары өрттің алдын алуды үнемі қадағалап отырды. Ол үшін жалынды сөндіруге арналып жабдықталған бір трактор тұрақты кезекшілікте тұрды.

         Кәсіпкер Александр Назаренко басшылық ететін бұл шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Астық жинауға 5 комбайн, «КамАЗ», «Зил» және жалдамалы үш «Газ-53» жүк көлігі тартылды. Алқаптағы жұмыстар кезең-кезеңімен ұйымдастырылуда. Қазір мұңда техникалардың жарамдылығы тексеріліп, алдағы науқанға дайындық басталды. Күзгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мақсатында қажетті 17 тонна дизель отынына өтінім беріліп, жанар-жағармай қорын толықтыру шарасы жасалуда. Шаруашылық ұжымы алдағы науқанды да оңтайлы мерзімде атқарып, мол өнімге негіз қалауға ниетті.

         Басқа да ауылдарда егін жинау қызу жүруде. Ауданда астықтың орташа өнімділігі алдын ала есеп бойынша гектарына 22–30 центнерден айналуда.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарақыстақ ауылы, Жамбыл ауданы