Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Іле ауданында жас жұбайлар «Зверополис» кейіпкерлерінің образында дауыс берді

Іле ауданында жас жұбайлар «Зверополис» кейіпкерлерінің образында дауыс берді

67 қаралым

Құрылтай депутаттарының сайлауы күні Іле ауданындағы №995 сайлау учаскесіне ерекше жұп келіп, көпшіліктің назарын аударды. Жас жұбайлар Ақниет Абдыкадиров пен Динара Ибадуллаева танымал «Зверополис» мультфильмінің кейіпкерлері Джуди Хопс пен Ник Уайлдтың образында дауыс берді.

Бұл – шаңырақ көтергеннен кейін бірге қатысқан алғашқы сайлауы. Сондықтан ерлі-зайыптылар маңызды күнді ерекше форматта есте қалдыруды ұйғарған.

Динара мультфильмдегі қоян-полицей Джуди Хопстың, ал Ақниет айлакер түлкі Ник Уайлдтың бейнесін таңдаған. Олардың ерекше киім үлгісі сайлау учаскесіне келген тұрғындардың қызығушылығын оятып, көпшілік жас жұбайлармен естелік суретке түсті.

Жас жұбайлардың айтуынша, бұл образды таңдаудың өзіндік себебі бар. Олар отбасы болғаннан кейінгі алғашқы ортақ сайлауды ерекше естелікке айналдырғысы келген.

«Құрылтай сайлауы – еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Ал біз үшін бұл – отбасы болғаннан кейінгі алғашқы ортақ сайлау. Сондықтан осы күнді есте қаларлықтай өткізгіміз келіп, «Зверополис» кейіпкерлерінің образын таңдадық. Бұл сәт отбасылық тарихымызда ерекше естелік болып қалсын дедік», – дейді Ақниет пен Динара.

Олардың бұл қадамы сайлау күнінің өзіндік ерекшелігін де арттыра түсті. №995 сайлау учаскесінде Джуди Хопс пен Ник Уайлдтың образындағы жас жұбайлардың пайда болуы тұрғындар үшін күтпеген әрі көңілді көрініске айналды.

Ал Ақниет пен Динара үшін бұл күн отбасылық өміріндегі алғашқы ортақ саяси таңдауымен қатар, ерекше образда бірге жасаған алғашқы сайлау ретінде есте қалмақ.

Іле ауданы