Аты аңызға айналған алманың отанында отырсақ та, биыл өзімізде өсетін жемістің тапшылығы байқалды. Бар болса да, бағасы шарықтап кеткені тағы бар. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, өңірде 25 ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны интенсивті бау-бақша өсірумен айналысады. Ауданда жылына алмадан 11 мың тоннаға жуық өнім алынады. Дегенмен, алма өсіретін шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдаудың қажет екені шындық. Алма бизнесімен айналысудың мүмкіндіктері мен бағбандарды толғандырған өзге де сауалдар төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік.
Бүгінде алма шаруашылығы Еңбекшіқазақ ауданы экономикасының негізгі тетіктерінің бірі саналады. Сондықтан бұл аумақта алма бағын өсіріп, өңір экономикасының әлеуеттенуіне жол ашқан кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Мұрат Лазгиев. Кәсіпкер 1995 жылдан бері алма бағын баптап келеді. Химия саласының маманы болғанымен, бала кезден бау егудің, алма өсірудің сырын білетін бағбанымыз бірден жасыл бақты жайқалтуға бел шеше кірісіпті. Қазір кәсіпкер жақын туысқандарымен бірге 30 гектарға жуық аумаққа алма өсіреді. Бүгінде шаруа қожалығы 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жиын-терін кезінде 20-дан аса адамды еңбекке тартады екен. Бағбанның бағында «Американка», «Золотой превосход», «Апорт», «Кандиль», Грушовка, «Салтанат», «Мельба», «Рашида», «Пеструшка», «Гала» және «Рахат» секілді 12 түрлі алма өседі. Кәсіпкер биыл әр гектардан 30 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
– Қазір бізде алманың үш түрі көбірек өсіріледі. Жақсы өнім беретін алма сорттарын жетілдіру мен бақты суару технологиясын жаңалауға басымдық бергіміз келеді. Сыртқа оңай көрінгенімен, алма өсірушілердің де өзіндік проблемалары жетіп артылады. Алма өсіре бастаған жылдары осы саладағы біліміміздің аздығы мен тәжірибеміздің жоқтығынан қиналдық. Ал кейін біртіндеп, жергілікті тәжірибеге сүйене отырып кәсібімізді дамыттық. Бүгінде тұрақты тұтынушыларымыз бар. Оның үстіне, өңірдегі кез келген ауылшараушылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорынды шикізатпен қамдауға да дайынбыз. Алманың өнімі де табиғаттың сыйына байланысты болады. Жаңбыры мол, жайлы жылдарда көп өнім аламыз. Ал кейбір қуаңшылық жайлаған кездерде алма түсімі аз болады, – дейді кәсіпкер.
Қызу әңгімелесіп, алма баққа жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Расында арасы алшақтау, қаз-қатар тізілген бірыңғай алма ағаштарында жеміс самсып тұр. Арасында «жерге иіліп» сәлем беретіндері де көзге ілігеді. Ондағы ағаштардың алды 1958 жылы егіліпті. Ауыл 1957-1997 жылдары Киров жеміс-жүзім кеңшарының орталығы болған. Сол жылдары Қаракемер маңына арнайы алма бақтар отырғызылған. Сол себепті, бақтағы кей ағаштар 60 жылдан бері жеміс беріп келеді. Олардың дені – Апорт алмасы. Аса күтімді қажет ететін Апортты бүгінде бағбандар тым сирек егетін болған. Өйткені, шығыны көп, кей жылдары, тіпті, мүлдем жеміс бермей қоятын Апортты кәсіпкерлердің көбі табыс көзі санамайды. Сол себепті, елімізде Апорт өсіретін бақтардың қатары күннен-күнге сиреп барады. Ағаш екеш, ағаштың ғұмыры болады. Олар да қартаяды. Сондықтан, бағбан үнемі жеміс беруден қалған кәрі ағаштардың орнына жас көшеттер егеді. Алайда, жас көшеттерді қатарға қосудың өз қиындығы бар көрінеді. Оны баптаумен қатар, төрт түліктен сақтау да оңай емес. Мұрат Лазгиевтің сөзінше, алма баққа мал маза бермейтін көрінеді. Әсіресе, жылқы кірсе, жас көшеттерді тұяғымен таптап кетеді екен. Сондықтан алма бақтың иесі тапталған көшеттерді қайтадан егуге мәжбүр болады. Қарт бағбан сөзіне нандыру үшін жылқының жас тезегін көрсетті.
Алма бағынан ойдағыдай өнім алу үшін оларға кәсіби күтім қажет. Ол үшін дертдербездің алдын алып, білікті агрономдардың кеңесіне үнемі жүгіну керек. Жеміс ағаштарының аурулармен залалданған қурап қалған бұтақтарын кесіп, ескірген қабықтарды, қыналарды тазартып, қалдықтарды жағып жіберу, ағаш діңінің айналасын қопсытып, арамшөптерден және өсімдік қалдықтарынан толық тазарту қажет.
– Күзде алмалар теріліп болғаннан кейін баудың күтіміне кірісеміз. Бұл жұмыс көктемге дейін жалғасады. Ауырған, қураған бұтақтар бұталады. Бақ зиянкестеріне қарсы жыл он екі ай күрес тынбайды. Жапыраққа түскен құрт жемістен бір-ақ шығады. Оларды химиялық жолмен өңдеп, арнайы ерітінділер бүркіп отырамыз, – дейді тәжірибелі бағбан.
Алма өсірушілердің бақ зиянкестерімен қатар, алма ағашының аурулары туралы да білгені абзал. Қазіргі таңда өңірімізде кеңінен таралып бара жатқан карантиндік ауру түрі – жеміс ағаштарының бактериалдық күйігі. Бұл ауру алма және алмұртқа үлкен қауіп төндіреді. Алма бағын иесімен бірге аралап жүріп, дертке тап болып, жапырағы теңбілденіп, жөнді түйін тастай алмаған жеміс ағаштарына тап болдық. Қарт бағбанның сөзінше, алма ағаштарына төнген дертке дер кезінде шара қолданбаса, шаруашылық иелері бар табысынан айырылуы мүмкін. Өйткені алма ағаштары жұғымтал дерттерге тез душар болады. Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанға әлемнің бірқатар елінен әкелінген алманың алуан түрі егілуде. Елге алып келген жаңа сорттармен бірге жаңа аурулар ілесіп келеді. Ел естімеген бұл дерт-дербезбен күресудің жолы оңайға түспесі анық. Сол үшін алма дертімен кешенді күресудің жобаларын әзірлеу қажет сияқты.
Күздің соңы мен қыстың басы – әрбір бағбанның өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Сіз алма ағаштарын алдағы аяздан қорғап қана қоймай, сонымен қатар ағаштарды қыста аштықтан зардап шегетін кеміргіштердің жүйелі шабуылынан құтқаруыңыз керек. Өйткені олар ағаштың қабығын қарлы жиектің үстінде тістеп, діңді жалаңаш қалдырады. Кәсіпкер Қаракемер ауылындағы алма бақтар жабайы қояндар мен көртышқандардан зардап шегетіндігін айтты. Қысқасы, жеміс ағашына тура жас балаға қарағандай, әлпештеп қарау қажет.
Алма өсірумен айналысатын қазақстандық бағбандардың басты мәселесі – білім мен мамандардың жетіспеуі. Жылда еліміздегі интенсивті алма бақтарын дамыту үшін инвестиция және оларға кәсіби күтім қажет. Оған қоса, қазір білікті агрономдардың тапшылығы байқалады. Мұрат Лазгиев алғашында шетелдік мамандардың көмегіне жүгініпті. Қазір алма ағаштарын баптауға қабілетті жергілікті мамандар тобы қалыптаса бастапты. Дегенмен, бұл саланы жетік меңгеруге күш салудың маңызы зор. Кәсіпкер ондаған жылдардан кейін балаларының өзі бастаған жұмыстарын жалғастыратынын біліп, оларды да алма бағын баптауға үйрете бастаған. «Нені ексең – соны орасың» дейді дана халық. Өзі игілігін көрген еңбекке балаларын баулыған Мұрат Лазгиевтің өнегесіне дән риза болдық.
– Алдағы жылдарда еліміз бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін барынша ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін сапасы жоғары көшеттерді таңдап, будандастыру және жерсіндіру мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру керек. Сонда ғана ішкі нарықты алмамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сұранысқа ие жеміс түрін қыруар қаржыға сыртқа сата аламыз. Жастардың да осы салаға белсене араласуына қолұшын беруіміз керек. Қалай десек те, ерінбей еңбек еткен жанның өмірден алар еншісі көп, – дейді кәсіпкер.
Бағбан Алматыда өткен «Apple Fest» фестивалі мен облыстық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесіне қатысты. Онда кәсіпкер өз алмаларын 20 пайыз жеңілдікпен сатыпты. Одан кейін Астанада өткен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне де барып қайтты. Жоғарыда сөз еткеніміздей, алма өсіру аса ұқыптылықты, кәсіби біліктілікті талап етеді. Сондықтан кейбір қиындықтардың бар екені де шындық. Мұрат Лазгиевтің сөзінше, оның көбін құлшыныс жасаған адам өзі еңсере алады. Бақтың жайқалуы баптай білуінде жатыр.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы