Перейти к содержимому

Заман талабына сай

7 қаралым

Қарасай ауданының Елтай ауылдық округінде заманауи кәсіпорындармен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ұжымдар да шоғырланған. Солардың қатарында «EURASIAN GREEN PRODUCT» жылыжай кешені де бар. Қызанақ өсіретін жаңа өнеркәсіптік жылыжай кешені 2021 жылдан іске қосылған болатын. Аталған кешенді жылыжай шешімдері саласындағы әлемдік көшбасшы – голландиялық «Van Der Hoeven» компаниясы жабдықтайды. Бұл көкөністердің сапасы мен экологиялық тұрақтылыққа кепілдік беретін, озық технологиямен жабдықталған кәсіпорын саналады. Нысан Алматы қаласын көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шет елдерге де өз өнімдерін экспорттап келеді.

Жылыжай кешені 5 гектар аумақты алып жатыр. Оның жылдық өнімділігі – 3000 тонна. Экологиялық таза көкөністерді өсіру үшін кешендегі өсімдіктерді оңтайлы қоректендіруге қажетті тыңайтқыштар мен микроэлементтерді автоматты түрде беретін жүйелі тамшылатып суару жүйесі жұмыс істейді. Ылғалдылықты арттыру және ыстық кезендерде температураны төмендету үшін тұман шашу жүйесі орнатылған. Оған қосымша жарықтандыру жүйесі өсімдіктерге күн энергиясы жетіспейтін қыс айларында қызанақ өсіруге мүмкіндік береді, ал көлеңкелеу (перделеу) жүйесі суық мезгілде жылуды үнемдейді. Қызанақтарды тозаңдандыру үшін кәдімгі нағыз түкті аралар қолданылады. Өнеркәсіптік жылыжай кешенінің тиімді географиялық орналасуы, бір жағынан, агроөнеркәсіптік индустриялық аймақтарды дамытуға жағдайдың болуы екінші жағынан, шет елдерде көкөніс импортының артуы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. – Бүгінде аталған кешенде 100-ге жуық адам еңбек етіп, тұрақты табыс табу арқылы отбасын асырауда, – дейді жылыжай кешенінің HR менеджері Гүлпан Шалбаева. – Сонымен қатар мұнда жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік жәрдемнің барлық түрі қарастырылған. Атап айтқанда, ауылдық округтің тұрғындарын жұмыс орнына жеткізу, кәсіби киім мен түскі ас жүйелі түрде беріліп отырады. Қорытындылай келе айтарымыз, «EURASIAN GREEN PRODUCT» ЖШС жобасы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, отандық өнім өндіру арқылы елімізде шығарылатын тауарлардың экспорттық әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосуда.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы