
Райымбек ауданына іссапармен барған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауылы тұрғындарымен кездесті. Есептік кездесуде аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарын Құрылтай сайлауы өтіп, маңызды тарихи кезеңнің басталуымен құттықтады.
– Құрылтай сайлауы – еліміздің мемлекеттік құрылымындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін маңызды саяси оқиға. Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын еліміздің жоғары өкілді органы. Сайлау арқылы азаматтарымыз өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасады. Ендігі міндет – жаңа кезеңнің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарды нақты істермен жалғастыру. Бұл ретте негізгі басымдықтар өзгермейді. Олар – экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдық аумақтарды дамыту, кәсіпкерлік пен инвестицияны қолдау және азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Осы міндеттердің барлығы ең алдымен өңірлерде, аудан мен ауылдарда нақты нәтижеге айналуы тиіс.Сондықтан бүгінгі кездесуде Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелерді баяндап, сонымен бірге Райымбек ауданының даму мүмкіндіктерін, өзекті мәселелерін және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерін ортаға салғым келеді.Биыл Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Тоқсан жыл – тарих үшін бір ғана кезең болуы мүмкін, ал халық үшін бұл – бірнеше ұрпақтың еңбегі мен тағдыры. Осы уақыт ішінде ауданның негізгі тірегі жер, ауыл шаруашылығы және еңбекқор ел болды. Ендігі міндет – осы дәстүрді сақтай отырып, аудан экономикасын жаңа технологиялармен, жаңа кәсіппен және жаңа мүмкіндіктермен дамыту, – деген аймақ басшысы соңғы бес жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен екі есеге ұлғайып, өңір экономикасының ауқымы мен әлеуеті айтарлықтай артқанын атап өтті. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 6,8%-ке өсіп, 1,6 трлн теңгегені құрағанын, бұл – қалыптасқан экономикалық өсімнің сақталып отырғанын көрсететінін, оның нақты нәтижесі жыл басынан бергі көрсеткіштерден де айқын көрінетінін жеткізді.Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 115,0%-ды құраған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,2%-ке артып, 1 трлн 657 млрд теңгеге жеткен.Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,4% өсіммен 343,8 млрд теңгегені көрсеткен. Сауда қызметтері 17,6%-ке ұлғайып, 1 трлн. 375 млрд теңгені құраған. Құрылыс саласы 12,3%-ке өсіп, 212,2 млрд теңгеге жеткен. Тұрғын үйді қолданысқа беру көлемі 20,9%-ке артып, 909,8 мың шаршы метрді құрап отыр.
– Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты жұмыс тұр. Бір жерде – жаңа кәсіпорын ашылды, екінші жерде – жаңа тұрғын үй салынды, үшінші жерде – ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Яғни, экономикалық өсім – қағаздағы цифр ғана емес, күнделікті өмірдегі нақты өзгерістердің жиынтығы, – деді облыс әкімі өз сөзінде. Тұрғындармен кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін экономиканы 5,4%-ке өсіру басты міндет екенін де айтты. Жыл қорытындысында облыстың жалпы өңірлік өнімін 7,4 трлн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондықтан жылдың қалған кезеңінде қалыптасқан қарқынды сақтап қана қоймай, өсімнің жаңа резервтерін іске қосып, оны одан әрі арттыру қажет. Өйткені экономикадағы әрбір пайыздық өсімде бюджет кірісінің артуы, инвестицияның көбеюі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және халық табысының өсуі жатқанын алға тартқан аймақ басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.