Перейти к содержимому

Полицейлер үздік атанды

16 қаралым

Қонаев қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Government Chess Cup – 2026» шахмат турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Аталған жарыс Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерін бір тақтаның басына біріктірді.

«Бүгінгі турнир тек мықты шахмат­шыларды анықтайтын алаң ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің тәжірибе алмасуына және командалық рухты нығайтуына мүмкіндік береді. Қатысушыларға тартысты әрі тартымды ойын, жарқын жеңіс тілеймін», – деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев.
Турнирде 8 команда құрамындағы 32 қатысушы бақ сынады. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізілді. Ойын уақыты – 10 минут және әр жүріске қосымша 5 секунд берілді. Рапид форматында ойлануға уақыт аз болғандықтан, әр жүрістің маңызы ерекше. Мұнда тек комбинацияны көре білу ғана емес, жағдайды жылдам бағалап, дұрыс шешім қабылдау және партия соңына дейін зейінді жоғалтпау маңызды. Стратегиялық ойлау, байыпты шешім қабылдай білу мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметінде де маңызды екені белгілі.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды облыстық полиция депар­та­ментінің командасы иеленді. ­ІІ орынға облыстық төтенше жағдайлар депар­таменті лайық деп танылды. Ал Балқаш ауданы әкімі аппаратының командасы ІІІ орын алды.
Айта кетейік, өңірлер мен республи­калық маңызы бар қалалардағы іріктеу жарыстары 16 қазанға дейін жалғасады. Өңірлік кезең аяқталғаннан кейін үздік қатысушылар 24 қазанда Астана қаласында өтетін турнирдің финалдық кезеңінде бақ сынайды.

Өз тілшіміз
Қонаев қаласы