Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының кубогінде 6654 әскери бөлімінің өкілі жеңіс тұғырынан көрінді
25–28 тамыз аралығында Ақмола облысы, Щучинск қаласында қоян-қолтық ұрыстан ересектер арасында Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған мықты спортшылар қатысқан байрақты бәсекеде жауынгерлік шеберлік пен спорттық дайындық сынға түсті.
Аталған жарыста 6654 әскери бөлімінің топ офицері, капитан Ахмет Қ. жоғары нәтиже көрсетіп, екі бірдей бағыт бойынша Қазақстан Республикасының кубогінің жеңімпазы атанды.
Атап айтқанда, капитан Ахмет Қ. қоян-қолтық ұрыстан 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, сондай-ақ өзін-өзі қорғау бөлімінен 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленді.
Бәсекелі белдесулер барысында әскери қызметші өзінің физикалық дайындығы мен жауынгерлік шеберлігін, ептілігі мен шапшаңдығын жоғары деңгейде көрсетті. Әр кездесуде қарсыласына лайықты қарсылық танытып, жеңіске деген жігерін паш етті.
Қоян-қолтық ұрыс – әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, кез келген жағдайда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдауына, төзімділік пен табандылықты қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды спорт түрі. Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүрген сарбаздар мен офицерлердің жетістігі – ұжымның жауынгерлік рухын көтеретін маңызды фактор.
Капитан Ахмет Қ.-тың Қазақстан Республикасының кубогінде екі бағыт бойынша чемпион атануы – оның қажырлы еңбегінің, үздіксіз жаттығуының және жоғары кәсіби дайындығының нәтижесі.
6654 әскери бөлімінің ұжымы капитан Ахмет Қ.-ты айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейді!
Жеңіс – жігер мен еңбектің жемісі. Ел намысын қорғаған спортшының әрбір жетістігі – Отанға деген қызметтің жарқын үлгісі.