Өрік өлкесі атанған Қарадалада халық игілігіне арналған жұмыстар қарқын алып келеді. Бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешендері де, кәсіпкерлік нысандар да, жаңарған мектеп, балабақша да – соның айқан дәлелі. Ұйғыр ауданына іссапармен келген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев осындай оңды өзгерістерге куә болып, халықпен кездесіп, бірқатар нысанды аралады.
Шонжы ауылындағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектеп ғимаратында аймақ басшысы Марат Елеусізұлының Ұйғыр ауданы тұрғындарымен кездесуінде ине шаншар орын болмады. Ең әуелі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыты турасында баяндама жасаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Самат Жұмәділ биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
Баяндамашының мәліметінше, жыл басынан бері аграрлық секторда 36,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Егістік алқабы 27,4 мың гектарға жетіп, 14,1 пайызға ұлғайды. Дәндік жүгері алқабы 9 080 гектарды құрап, аудан облыста Еңбекшіқазақтан кейінгі екінші орынға шықты. Жүгеріден биыл 74 мың тонна өнім алу жоспарлануда.
Ауданда суды тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілген. Соңғы екі жылда 5 250 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген. Сонымен қатар республикадағы өрік бақтарының 60 пайызы Ұйғыр ауданында орналасқан. Бақ шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында соңғы екі жылда ауданда «Өрік Fest» фестивалі өткізіліп келеді. Аталған шара ауданда бақ шаруашылығын арттыруға ықпалын тигізуде.
Ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да ерекше мән беріліп отыр. Биыл жалпы құны 60,4 млрд теңгені құрайтын алты жоба енгізіліп, нәтижесінде мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Туризмді дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Арасан ыстық сулары мен Шарын шатқалына келушілер саны жылдан-жылға артуда.
Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асуда. Қалжат, Қырғызсай және Шонжы ауылдарында ауызсу жүйелері жаңғыртылуда. Шонжы, Шарын, Бахар және Тасқарасу ауылдары толық газдандырылған. Биыл жеті елдімекенде 33 шақырым жол жөнделуде.
Әлеуметтік салада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып, аудандық ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында бес ауылдағы медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Осындай ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімен бөліскен Самат Шайытханұлы алдағы жоспарларды да жіпке тізді. «Алдағы міндетіміз – инвестиция тартуды жалғастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және жол, су, газ секілді инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу. Барлық жұмыс тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталады. Ауданымыздың тазалығы мен тыныштығын сақтау да ортақ міндетіміз», – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
Мұнан соң Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы облыс деңгейіндегі атқарылған жұмыстар легіне тоқталды. Расымен, аудан ауыл шаруашылығы саласында көш түзеп, едәуір алға жылжып, саланы дамытып отырғанын сөз етті. Сонымен қатар аграрлық саланы техникамен жарақтандыру бойынша да аудан көш бастап тұрғанын айтып, бүгінде 771 дана ауыл шаруашылығы техникасының 61,7%-ы жаңартылғаны жақсы көрсеткіш екенін жеткізді. Ауданда су үнемдеу технологиясының қарқынды дамуы, инвестицияның тартылуы, бақ көлемінің ұлғаюы сынды оң жұмыстар Қарадаланы облыста көш алдына шығарып тұр.
Жетістіктермен қоса Марат Елеусізұлы Ұйғыр ауданының облыстағы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі небәрі 0,9 пайыз ғана екенін сынға алып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуы төмен деңгейде екенін айтты аймақ басшысы. Атап айтқанда «Кеңдала» бағдарламасы бойынша Ұйғыр ауданының шаруалары – 11, ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 15 несие алған. Облыс әкімі бұл мүмкіндіктерді ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп, қатысушылар санын арттыруды және кооперативтердің жұмысын дамытуды тапсырды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8,9%-ға кеміген. Сондықтан аудан басшылығына алдағы уақытта кәсіпкерлерді қолдау шараларын күшейтуді жүктеді.
Осындай жетістік пен олқылықтар қатар сараланған облыс басшысының баяндамасынан соң аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Шонжыдағы кәріз жүйесінің сонау 1960 жылдары салынып, бүгінде тозығы жетіп тұрғаны, Сүмбе ауылындағы көпірдің апатты жағдайда екені, басқа ауылдардағы жол мәселесі мен тоспа, жастарға жер беру мәселелері де облыс әкімінің назарын аудартты. Әр сауалға мұқият жауап берген аймақ басшысы тиісті мекемелерге тез арада жұмыс істеп, нақты жауапты тұрғындарға беруді тапсырды.
Ұйғыр ауданында кәсіптің көкжиегі кеңейіп келе жатқанының бір айғағы – Рахат ауылында балық шаруашылығының қарқын алуы. «СПК BIG FISH» ЖШС өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 миллион теңге көлемінде несие алып, канал бойында шабақ өсіруді бастаған. Алғашқы қадамның өзі нәтижесіз болған жоқ. Шаруашылық былтыр 80 тонна форель мен бекіре өсірсе, биыл бұл көрсеткішті 150 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Шаруашылық иесі Еділ Мысақұловтың айтуынша, мұндағы табиғи жағдай балық өсіруге қолайлы. Ашық су айдынының суы таза, оттегі жеткілікті болғандықтан, шабақтар тез өсіп, қажетті салмаққа жылдам жетеді. Бұл өз кезегінде өндірісті ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпкердің жоспары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта шаруашылыққа 4 миллиард теңге инвестиция салып, өндіріс қуатын бірнеше есеге арттыру көзделген.
Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы балық өсірудің бұл тәсілін өзге өңірлерде де қолдануға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Әсіресе облыстағы кейбір су арналарын тиімді пайдаланып, осындай жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Осыған байланысты басқарма басшыларына жобаны облыстың басқа аудандарында іске асыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
Қарадалада бой көтеріп жатқан жаңа өндіріс орындарының бірі – «ТұздыБасТау» ЖШС. Бұл – натрий сульфатын өңдейтін зауыт. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын бұл жобаға 8,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 24 мың тонна натрий сульфатын өндіруге қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоспар бойынша ірі өндіріс орны қыркүйек айында жұмысын бастайды. Зауыт жұмысымен танысқан Марат Елеусізұлы оң бағасын беріп, мұндай жобалар ауылдық жерлерде жаңа кәсіптің қалыптасуына, халықтың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін айтты.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен арнайы танысты. Ауыл тұрғындары асыға күткен әлеуметтік нысанның құрылысы бүгінде қайта жанданып, мәреге жақындап келеді.
Аталған кешеннің құрылысы 2020 жылдан бері тоқтап тұрған. Оған себеп – құрылыс барысында нысанның бір блогының құлауы. Содан бері құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, осыған байланысты тиісті сот процестері жүргізілді. Бірнеше жыл бойы қаңырап тұрған ғимараттың жұмысы ақыры өткен жылы ғана қолға алынып, жоба қайта жанданды. Кешен құрылысына мемлекеттен 1 млрд 625 млн теңге бөлініп, мердігер ретінде «АГС-Пласт» ЖШС белгіленді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, нысанды биыл ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Бүгінде құрылыс нысанының әрбір жұмысы жіті бақылауда. Облыс әкімінің айтуынша, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау ғана емес, оның сапалы әрі қауіпсіз болуы басты талап. Себебі бюджет қаржысына салынған әрбір нысан ең алдымен халыққа ұзақ жылдар қызмет етуі тиіс.
Шонжы ауылында бой көтеріп жатқан жаңа нысандардың бірі – «COMPASS» жанар-жағармай стансасы. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары мен аудан арқылы қатынайтын жүргізушілерге заманауи әрі сапалы қызмет көрсетеді.
Мұнда көлік жүргізушілеріне жанар-жағармай құюмен қатар, қолайлы әрі жылдам қызмет көрсетуге баса мән берілмек. Яғни нысан тек отын сататын орын емес, жүргізушілердің уақытын үнемдеп, қажеттілігін бір жерден өтеуге мүмкіндік беретін заманауи қызмет көрсету орны ретінде жұмыс істейді.
Нысанның 350 млн теңгелік құрылыс жұмыстарын бүгінде «RIZAR Energy» ЖШС жүргізіп жатыр. 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтитын жанармай бекетін осы жылы ашу көзделіп отыр.
Қарадаладағы бұл жобалардың барлығы – өңірдің әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Балық шаруашылығының дамуы, жаңа өндіріс орындарының бой көтеруі, әлеуметік нысандар мен қызмет көрсету орындарының жаңаруы – аудан экономикасының біртіндеп жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, қолға алынған әр бастама ел игілігіне қызмет етіп, жаңа жұмыс орындары мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, Қарадаладағы бүгінгі еңбек ертеңгі берекелі тірлікке айналары анық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы