Бүгін Жаңаарна ықшам ауданында «Жаңаарна – салауатты өмір салты қалыптасқан аумақ» тақырыбында тұрғындармен кездесу өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, тұрғындардың бастамасымен «алкогольсіз ауыл» мәртебесін қабылдау мәселесін талқылау, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру және отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы ұсыныстарды қарастыру.
Кездесуге қала әкімдігі өкілдері, полиция қызметкерлері, Қоғамдық кеңес, Ардагерлер ұйымы, жастар, кәсіпкерлер, сауда нысандарының иелері және ықшам аудан тұрғындары қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Гүлбану Сейткенқызы Несіпбаева қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ортақ жауапкершілік екенін атап өтіп, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мен отбасылардың амандығын қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
Полиция өкілдері алкогольдік ішімдіктердің отбасылық жанжалдарға, құқық бұзушылықтарға және қоғамдық тәртіпке кері әсері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу және заңнама талаптарын сақтау мәселелері айтылды.
Қоғамдық кеңес пен ардагерлер өкілдері бастаманың негізгі мақсаты тұрғындарға қысым жасау емес, алдын алу жұмыстарын күшейту, салауатты ортаны қалыптастыру және отбасы құндылықтарын дәріптеу екенін атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар мен кәсіпкерлер өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және мәдени іс-шараларды көбейту, қоғамдық тәртіпті сақтау және өзара жауапкершілікті арттыру мәселелерін талқылады. Болашақта ықшамауданда ашық-жабық спорт алаңдары ашылмақ.
Жиын қорытындысы бойынша «Жаңаарна – салауатты өмір салты қалыптасқан аумақ» қоғамдық резолюциясы қабылданып, бастаманы қолдау туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған бастама Жаңаарна ықшам ауданында қауіпсіз әрі салауатты ортаны қалыптастыруға, тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және ортақ жауапкершілік қағидатын нығайтуға бағытталған.