Алматы облысындағы әкімдер сайлауы: Балқаш және Жамбыл аудандарындағы сайлаудың өту барысы мен кандидаттар»
Пилоттық жоба негізінде өткізілетін бұл саяси науқан облыстың екі ауданында – Балқаш, Жамбыл аудандарында жүзеге асырылуда.
Еске салар болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың наурыз айында Қазақстанға аудан әкімдерінің сайлауын енгізуді жеделдету қажеттігі туралы айтқан болатын. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізіледі. Пилоттық жоба республиканың 3 қаласында және 42 ауданында жүргізіледі.
Жамбыл ауданының басшысы лауазымына 3 кандидат сайлауға түсті. Ауданның 77 сайлау учаскесі өз жұмыстарына кірісті. Бүгінде аймақта дауыс беруге құқығы бар 105 895 адам аймақ басшысы лауазымына лайықты деп санайтын кандидатқа дауыс береді.
Ұзынағаш ауылындағы 263 сайлау учаскесінде 2473 адам тіркелген. “Мен бақылайтын 263-ші сайлау учаскесінде бәрі заңға сәйкес жүргізілді. Уақытында әнұран шырқалып, сайлау учаскесі жұмысқа кірісті. Дауыс беруге арналған кабиналар талаптарға сәйкес жасақталған”,- дейді “Жамбыл ауданының әйелдерін қорғау” ҚБ өкілі Айжан Лавин.
Балқаш ауданында өңір басшысы лауазымына да 3 кандидат үміткер. Ауданның сайлаушылар саны – 18452 адам.
Бақанаста аудандық 23 сайлау учаскесінің 4-і құрылды. Олардың бірі- Бақтыораз Бейсекбаев атындағы гимназияда орналасқан 100-ші сайлау учаскесі. Учаскеде 1800 сайлаушы тіркелген. “Сайлаушылар дауыс беру басталғаннан бері белсенділік танытуда. 12 сағат ішінде 345 сайлаушы дауыс берді. Дауыс беруде түсініспеушіліктер, құқық бұзушылықтар болған жоқ “, – дейді сайлау комиссиясының мүшесі Әлия Өтешбаева.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00 – ге дейін жалғасады.