Перейти к содержимому

ҚЫЗМЕТТЕН – СПОРТҚА

39 қаралым

Қонаев қаласында Алматы облысы Полиция департаментінің бөліністері арасында шағын футболдан облыстық іріктеу турнирі өтті. Футбол алаңына облыстың барлық өңірінен келген 14 команда шығып, үздікті анықтап, республикалық деңгейдегі жарыста облыс намысын қорғау құқығы үшін бақ сынады.

Шағын футбол – ұзақ ойлануға уақыт бермейтін спорт. Мұнда лезде әрекет ету, дәл пас, дұрыс тактика және санаулы секунд ішінде шешім қабылдай білу аса маңызды. Дәл осы қасиеттер қызмет барысында да ерекше мәнге ие. Өйткені кез келген істің нәтижесі көбіне команданың өзара үйлесімді әрекетіне байланысты. Бұл туралы жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде атап өтілді.

«Құқық қорғау органдары жүйесінде дене дайындығы әрдайым кәсіби шеберліктің маңызды құрамдас бөлігі болып келді және солай қала береді. Алайда спорттың берері бұдан әлдеқайда көп. Ол адам бойында мінез-құлықты, тәртіпті, жауапкершілікті және ортақ нәтижеге жұмыла жұмыс істеу қабілетін қалыптастырады. Полицейлеріміздің салауатты өмір салтына, дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығының жоғары екені қуантады. Олардың арасында кәсіби деңгейде өнер көрсеткен спортшылардың да бар екені көңіл қуантады. Мұндай кездесулер ұжымды біріктіріп қана қоймай, жаңа спорттық есімдерді танытуға мүмкіндік береді. Үздік ойыншылар Алматы облысының атынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің шағын футболдан өтетін чемпионатында лайықты өнер көрсететініне сенімдімін», – деді Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асет Табеев.

Төрешінің алғашқы ысқырығымен қызметтегі күнделікті тіршілік алаң сыртында қалды. Нағыз спорттық бәсеке басталды. Командалар әр доп үшін тартысып, қарсыласына соңғы секундтарға дейін дес бермей, шеберлік, жылдамдық және тактикалық дайындығын көрсетті.

Қатысушылардың көпшілігі үшін футбол – қызметтен бос уақытта айналысатын жай ғана әуестік емес. Әр команданың құрамында бала кезінен спортпен айналысып, жылдар бойы шеберлігін шыңдап келе жатқан ойыншылар бар. Солардың бірі – Азамат Медетбек. Ол футболмен алты жасында Еңбекшіқазақ ауданындағы спорт секциясында шұғылдана бастаған. Кейін мектеп және студенттер лигаларында ойнап, бүгінде полиция қызметін бала күнгі сүйікті спорт түрімен қатар алып жүріп, жаттығуын жалғастыруда.

«Футболмен алты жасымнан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде спорт маған тәртіпті, жауапкершілікті және ең бастысы, командамен бірге ойнай білуді үйретті. Бүгін бұл қасиеттердің барлығы алаңда ерекше қажет болды. Алаңға шыққан кезде қай жерде жұмыс істейтінің, қызметте жүргеніңе қанша жыл болғаны маңызды емес – жеңіске деген ұмтылыс алдыңғы орынға шығады. Футбол алаңына қайта оралып, әртүрлі аудандардан келген мықты ойыншылармен кездескеніме қуаныштымын. Мұнда соңғы минутқа дейін жеңіс үшін күресуге дайын командалар жиналды», – деді Азамат Медетбек.

Жарыстағы тартыс та шын мәнінде жоғары деңгейде өтті. Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Қонаев қаласы мен Талғар ауданының командалары өзара бөлісті. Күміс жүлдені Іле ауданының полицейлері иеленді. Ал жарыстың басты жеңімпазы Алматы облысы Полиция департаментінің атынан өнер көрсеткен команда болды.

Командалық жүлделермен қатар, ұйымдастырушылар турнирдің үздік ойыншыларын да атап өтті. Жеке номинациялар бойынша «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» атанған спортшылар кубоктармен, грамоталармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Енді тәртіп сақшыларын жаңа сын күтіп тұр – Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің шағын футболдан чемпионаты. Алматы облысының футбол командасы бұл бәсекеде де лайықты нәтиже көрсетуге ниетті. Өйткені өңір полицейлері өздерінің қызметте ғана емес, спортта да мықты екенін дәлелдеуге дайын.