Басың ауырып, балтырың сыздағанда жаныңа дауа, тәніңе ем ұсынатын аса қадірлі әрі жауапты маман иесі – дәрігер. Әрине, ақ халатты абзал жан атану оңай емес. Дегенмен ауыртпашылықтан қашпай, өз мақсатына нық қадам басып, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек етіп жүрген білікті мамандар аз емес. Солардың бірі – Райымбек аудандық ауруханасының дәрігері Наргиза Назарбек.
Жүйке жүйесімен байланысты сан дертке шипа болып жүрген дәрігер-невролог Наргиза Дәуренбекқызының батылдығы мен ерекше таңдауына тәнтіміз. Ол 2015 жылы Шардара қаласында А. Иманов атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Алматыдағы ҚазҰМУ-ға оқуға түсіп, 2025 жылы невролог мамандығын алып шықты.
Наргиза қазіргі таңда Райымбек аудандық ауруханасында қызмет атқаруда. Өз мамандығы бойынша жүйке жүйесі ауруларының алдын алу, анықтау және емдеумен айналысады. Оның жалпы резидентураны қосқанда 3 жылдық еңбек өтілі бар. Осы уақыт аралығында дәрігер көптеген науқасқа көмек қолын созып, тәжірибесін жетілдіріп келеді.
Жас маманнан дәрігердің ең басты қасиеттері жайлы сұрағанымызда, ол дәрігер ең алдымен жауапкершілігі жоғары, сабырлы, мейірімді және адамға жанашыр болуы керектігін, үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет екенін тілге тиек етті.
Өз мамандығын сүйетін Наргиза үшін дәрігерлік – жай ғана кәсіп емес, адам өміріне деген зор жауапкершілік пен адал қызметтің айқын көрінісі. Оның өмірлік ұстанымы – әрбір істі үлкен жауапкершілікпен, адалдықпен атқарып, адамдардың саулығына қызмет ету.
Оның айтуынша, қазіргі таңда медицина саласында оң өзгерістер көп. Заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар енгізілуде. Дегенмен мамандар санын көбейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Сондай-ақ неврология саласында диагностикалық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту маңызды деп есептейді.
Наргиза Дәуренбекқызы 2021 жылы тұрмыс құрған. Бүгінде екі баланың анасы. Оның қауырт жұмысына жұбайы да әрдайым түсіністікпен қарап, қолдау көрсетеді. Жас маманның осы күнге дейінгі жұмыс барысындағы мадақтамалары аз емес. Бірақ ол ең басты жетістік – науқастардың алғысы мен сенімі деп санайды.
Маманның айтуынша, тұрғындар арасында бас және омыртқа ауруларына байланысты неврологиялық шағымдар, инсульттің салдары, ұйқының бұзылуы, сондай-ақ жүйке жүйесінің түрлі созылмалы сырқаттары жиі кездеседі. Мұндай дерттердің уақытылы анықталып, дер кезінде емделуі адамның өмір сапасын жақсартуда аса маңызды.
Аудандық ауруханада еңбек жолын бастаған дәрігер алдағы уақытта кәсіби білімін жетілдіріп, заманауи емдеу тәсілдерін меңгеруді жоспарлауда. Ең бастысы, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді әрі қарай жалғастырып, денсаулық сақтау саласындағы міндетін абыроймен атқаруды мақсат етеді.
Иә, осыған дейін аудандық ауруханада бірқатар дәрігер мамандар тапшы болды. Соның ішінде невролог маман жетіспейтін. Енді бұл олқылықтың да орны толып, Наргиза Дәуренбекқызы халықтың алғысын арқалап жүр.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы