Мүліктің сақталуына немқұрайлы қарау ұрлықтың орын алуына себеп болуы мүмкін. Үйдің кілтін есік маңындағы жасырын жерге қалдыру немесе құлыпты ұзақ уақыт тексермеу – қауіпті әдет. Үйде бағалы заттар болса, олардың орналасқан жерін бөгде адамдарға жария етпеген жөн. Әлеуметтік желіде демалысқа кеткеніңізді немесе үйдің бірнеше күн бойы бос болатынын ашық жазудың да қажеті жоқ. Көлік иелері салондағы заттарды көзге түспейтін жерге қойғаны дұрыс. Жеке құжаттардың көшірмесін де кез келген адамға жібере беруге болмайды. Ауыл тұрғындары үшін малдың есебін жүргізіп, жайылымдағы жағдайды бақылау да маңызды. Құнды зат жоғалған жағдайда уақытты созбай, тиісті органдарға хабарласу керек. Әр отбасы өз мүлкін қорғауға қатысты қарапайым қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырса, көптеген келеңсіздіктің алдын алуға болады. Сақтық – шығын келгеннен кейін өкінгеннен әлдеқайда тиімді.
Сая ЕРБОЛАТҚЫЗЫ