Интернеттегі алаяқтар адамның сеніміне кіру үшін күн сайын жаңа тәсіл ойлап табады. Бірде олар банк қызметкері ретінде қоңырау шалса, енді бірде таныс адамның атынан хабарлама жіберуі мүмкін. Кей жағдайда жалған сайт арқылы тауар сатуды немесе тиімді инвестиция ұсынуды көздейді. Алаяқтардың ортақ тәсілі – адамды асықтыру және ойлануға уақыт бермеу. Сондықтан күмәнді хабарлама немесе қоңырау алған кезде бірден әрекет етпей, ақпаратты қайта тексерген дұрыс. Банк қызметкері ешқашан телефон арқылы құпия кодты айтуды талап етпеуі тиіс. Танысыңыздың атынан ақша сұралса, оған басқа байланыс арнасы арқылы өзіңіз хабарласып көріңіз. Интернеттен зат сатып алғанда сатушының деректерін, пікірлерін және төлем тәсілін мұқият тексерген жөн. «Қазір ғана», «соңғы мүмкіндік» деген сияқты асықтыратын сөздер де сақ болуға себеп. Қаржы мәселесінде сабырлы болған адам алаяқтың арбауына түсу ықтималдығын азайтады.
Сая ЕРБОЛАТҚЫЗЫ