Ағымдағы жылдың басынан бері Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне білім беру қызметтерін көрсетуге қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түсті.
Өңір тұрғындары өздерінің тұтынушылық құқықтарын белсенді түрде қорғап, білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдар тарапынан міндеттемелердің тиісінше орындалмауына байланысты мәселелерді назардан тыс қалдырмайды.
Азаматтардың өтініштерінде ең жиі көтерілетін мәселелер қатарында ақшалай қаражатты қайтарудан бас тарту, білім беру қызметтерінің тиісті сапада немесе толық көлемде көрсетілмеуі, шарт талаптарының орындалмауы, сондай-ақ нақты көрсетілген қызметтердің мәлімделген талаптарға сәйкес келмеуі бар.
Департамент азаматтардың қаржылық мүдделеріне қатысты мәселелерге ерекше назар аударады. Ағымдағы жылдың басынан бері білім беру қызметтеріне қатысты өтініштер бойынша Алматы облысының тұтынушыларына 9,9 млн теңге қайтарылды.
Өтініштерді қарау және құқық бұзушылықтарды анықтау шеңберінде Департамент тарапынан бақылау жұмыстары да жүргізіледі.
28 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалып, шамамен 860 мың теңге сомасында айыппұл салынды.
Сонымен қатар Департамент жұмысының негізгі мақсаты тек құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту ғана емес, ең алдымен тұтынушылардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру болып табылады.
Әрбір өтініш бойынша Департамент мамандары азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтарын түсіндіреді, сотқа дейінгі наразылықтарды дайындауға жәрдем көрсетеді және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілерімен жұмыс жүргізеді.
Өтініштердің едәуір бөлігі азаматтардың сотқа жүгінуінсіз шешімін табуда. Бұл тетік тұтынушыларға өз құқықтарын қысқа мерзімде қалпына келтіруге және төлеген ақшалай қаражаттарын қайтаруға мүмкіндік береді.
Білім беру қызметтері саласындағы өтініштер санының өсуі бір жағынан осы салада шешуді қажет ететін мәселелердің бар екенін көрсетсе, екінші жағынан халықтың құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанын аңғартады. Алматы облысының тұрғындары өз құқықтарын қорғауда белсенділік танытып, заңда көзделген тетіктерді біледі және өздерінің заңды мүдделерін қорғауға дайын.
Департамент білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдармен жұмысты жалғастырып, шарт талаптарының сақталуына, көрсетілетін қызметтердің сапасына және тұтынушылардың ақшалай қаражатын ұстап қалудың заңдылығына ерекше назар аударады.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыларға білім алу туралы шарт жасаспас бұрын оның талаптарымен, қызмет құнымен және төлем тәртібімен, шартты бұзу және ақшалай қаражатты қайтару талаптарымен мұқият танысуды ұсынады.
Сондай-ақ шарттарды, чектерді, төлем құжаттарын, жарнамалық материалдарды және орындаушымен жүргізілген хат-хабарларды сақтау қажет.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау — ең алдымен азаматтардың сапалы қызмет алуға және заңды құқықтары бұзылған жағдайда өз ақшалай қаражаттарын қайтаруға мүмкіндігі. Департамент өңір тұрғындарына қажетті құқықтық және консультациялық көмек көрсетуді және заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдауды жалғастырады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Алматы облысы бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы Д.Сенбаева