Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы – қоғамның берік іргетасы, елдің ертеңін айқындайтын басты құндылық. Кеген өңірінде осындай өнегелі өмірімен көпшілікке үлгі болып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Бақашовтар әулеті. Бұл отбасы – Кеген ауданының ғана емес, өңірдің мақтанышына айналған әулет. Үлгілі шаңырақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде І орын иеленіп, жеңімпаз атанды.
Отағасы Ерлан Асқарқожаұлы туралы сөз қозғасақ, ол 1958 жылы 10 маусымда дүниеге келген. 1975 жылы Кеген ауылындағы орта мектепті тәмамдаған. 1976-1978 жылдар аралығында әскер қатарында болды. Әскери борышын өтеп келген соң Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқып, білімін жетілдірді. Туған ауылына келіп, «Сельхозхимия» мекемесінде инженер болып еңбек жолын бастады. Мекеме жабылып қалған соң, 1995 жылы Кеген ауданы Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепке жұмысқа орналасты. Сырттай Алматы индустриалды педагогикалық академиясына түсіп, еңбек технологиясы және кәсіпкерлік мамандығын алып, оқушыларды еңбекке баулыды. 63 жасында аталған мектептен зейнеткерлікке шықты. Қазір аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді мүшесі.
– Отбасының тірегі – сенім мен бірлік. Зайыбым Дәмелі екеуміздің шаңырақ құрғанымызға қырық жылдан асты. 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсірдік. Бәрі де жоғары білім алды. Кіші ұл мен келінімнің қолында тұрғанымызға 12 жыл болды. Биыл ойда жоқта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, жеңімпаз атандық. Мұны күткен де жоқ едік. Байқау қорытындысы өте әділ болды деп ойлаймын. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелейтін отбасылар көбейе берсін, – деп батасын берді Ерлан аға.
Берекесі мен бірлігі жарасқан Бақашовтар отбасының бүгінгі биігіне жетуінде аяулы ана, ардақты жар Дәмелі Мұқатайқызының еңбегі ерекше. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, отбасының берекесін кіргізіп, шаңырақтың ынтымағы мен жылуын сақтап келе жатқан асыл жанның өнегелі жолы – кейінгі буынға үлгі. Ол 1980 жылы мектепті бітірген соң Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. 1985 жылы Кеген ауылындағы С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясына бастауыш сынып мұғалімі болып орналасып, 2024 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұлт болашағын тәрбиелеудегі ұзақ жылғы еңбегі үшін Дәмелі Мұқатайқызы «Үздік ұстаз», «Ұлағатты ұстаз», «Еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгілерінің иегері атанды.
Ерлан аға мен Дәмелі апайдың шаңырағы – ұрпақ тәрбиесін өмірлік ұстанымына айналдырған өнегелі әулет. Өздері көрген тәлім-тәрбиені балаларының бойына сіңіріп, елге қызмет етуді, адал еңбек пен адамгершілікті басты құндылық ретінде қалыптастырған. Бүгінде Бақашовтар әулетінің перзенттері білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар қызметі, коммуналдық сала және өндіріс салаларында абыройлы еңбек етіп, қоғам игілігіне үлес қосып келеді. Сонымен қатар Ерлан Асқарқожаұлы өмірден өткен ағасының қызын өз қамқорлығына алып, туған перзентіндей тәрбиелеп өсіргені – отбасының кең пейілі мен адамгершілік қасиетінің айқын көрінісі.
Көпбалалы Бақашовтар отбасының еңбекқорлығы, отбасылық құндылықтарды сақтауы, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуі, қоғамдық белсенділігі көпшілікке үлгі болып келеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы