Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

41 қаралым

Үйдегі зорлық-зомбылық – бұл отбасының жеке ісі емес, уақытылы алдын алуды және жариялауды талап ететін әлеуметтік қауіпті құбылыс. Сондықтан қазіргі қоғамда «ошақты сақтау үшін» деген себеппен отбасындағы зорлық-зомбылықты жасыруға болмайды. Ол неге болып жатыр және шегі қайда? Талғар аудандық Жастар ресурстық орталығында өткен семинарға қатысушылар осы және басқа да мәселелерді талқылады. Іс-шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Іле мұрагер» қоғамдық ұйымы ұйымдастырды.

Кездесуге Талғар аудандық Отбасын қолдау орталығы мен Жастар ресурстық орталығының өкілдері, аудандық полиция басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Арайлым Қасымбекова қатысты. Отырысты ашқан полиция майоры қоғамдық өмірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тұрғысынан бұл кездесудің маңызын ерекше атап өтті.
–Біз бүгін қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылаймыз. Биылғы жылдың 6 айында Талғар аудандық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 73-бабы бойынша отбасылық және тұрмыстық қатынастар тұрғысындағы құқыққа қайшы әрекеттер туралы 156 әкімшілік хаттама жіберілді. 349 адамға үй ішіндегі зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша қорғау ордерлері берілді. 99 адам ерекше мақсаттағы алдын алу соттарына орналастырылды.
Бұдан басқа, алдын алу соттарындағы адамдардың мекенжайлары жергілікті полиция инспекторларымен тексерілді және әкімшілік бұзушылықтардың болмауына байланысты ҚР ҚІЖК 461-бабы бойынша қорғау ордерін бұзу фактісі бойынша 16 материал, осы кодекстің 669-бабын бұзу фактісі бойынша 28 материал сотқа жолданды. 6 адам мәжбүрлі психологиялық түзетуге жіберілді. Сондай-ақ осы кезеңде дағдарыс орталығына 11 әйел мен 36 бала орналастырылды. Аталмыш кодекстің 200-бабына сәйкес, алкогольдік ішімдіктерді сатуға қойылатын талаптарды бұзғаны үшін 53 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Жыл басынан бері «СТОП алкоголь», «Қауіпсіз аула», «Жасөспірім», «Үй», «Алкогольсіз аула», «Қаңғыбас», «Демалыс», «Қауіпсіз үй», «Мал ұрламау», «Қару-жарақ», «Түнгі қаладағы балалар» атауымен ондаған іс-шара өткізілді. Тәртіп сақшылары тарапынан жұмыс одан әрі жалғасатын болады, – деді Арайлым Әділбекқызы.
Іс-шара барысында құқық қорғау органының өкілі сондай-ақ зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары, азаматтардың құқықтары және заңда көзделген қорғау тетіктері туралы толық ақпарат берді. Өз кезегінде, Жастар ресурстық орталығының психологы Индира Қасымбаева зорлық-зомбылықты болдырмау және осы тұрғыда не істеу керектігі туралы кеңестерімен бөлісті.
Семинар жұмысына қатысқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, психолог Зүлфия Таипова зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары, эмоциялық денсаулықты сақтау, қақтығыстарды болдырмау және қиын жағдайда адамдарға көмек көрсету туралы айтып берді.
– Көптеген құрбан агрессордың мінез-құлқын жұмыстағы күйзеліспен, күрделі мінез-құлықпен немесе «тәрбиелік шаралармен» ақтап, оған жылдар бойы төзеді. Алайда мамандар зорлық-зомбылық әрдайым үдемелі түрде дамитынын ескертеді. Егер бүгін серіктес өзін қорлауға және кемсітуге жол берсе, ертең ол физикалық агрессияға айналуы мүмкін, – деді ол.
Маңызды іс-шараның қатысушылары психолог-мамандар мен құқық қорғау ұйымының қызметкеріне отбасындағы қарым-қатынас, кейде орын алып жататын келеңсіз жайттар, олардың алдын алу, болдырмау жөнінде сұрақтар қойып, сарапшылардан нақты жауаптар алды.
Шынында да зайырлы, өркениетті қоғамда зорлық-зомбылыққа ешқашан орын болмауы керек. Әрбір адамның қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін қорғау – мемлекет пен қоғамның ортақ парызы. Семинарға қатысқан жастар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы келтірілген мысалдар мен олардың құқықтық салдары, заң талаптарына сай жауапкершілік жөнінде айтылған әңгімелерді саналарына сіңіріп, тиісті қорытынды шығарады деп сенеміз.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ


Талғар ауданы