Бүгінде елімізде «Maxi чай» брендімен салқын сусындар шығаратын «GALANZ bottlers» компаниясын білмейтін жан жоқ шығар. «Maxi чай», «Daily Fresh», «Garden», «SEVEHS», «Happy», «Первоквас», «Lime Time» сияқты халықтың сүйіспеншілігіне бөленген сусындардың құтыларын көрер көзге көрікті етіп шығару да өз алдына үлкен өнерді талап етеді.
Міне, Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Chemolgan food Station» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі терең басылым әдісімен осындай төлтаңбалар шығарумен айналысады.
– Біз негізінен «GALANZ bottlers» компаниясы өндіретін салқын сусын құтыларына қаптама шығарумен айналысамыз, – дейді кәсіпорын директоры Вячеслав Кисель. – Кез келген тауардың сұранысқа ие болуына оның сыртқы пішіні мен көркемделуі үлкен әсер ететіні ешкімге құпия емес. Сондықтан біз осы міндетті мінсіз атқару жолында жұмыс жасап келеміз.
Аталған компания 2004 жылдан бері Қазақстан нарығында өз орнын алып, тұтынушылардың сеніміне ие болып келеді. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын құтылар қаптамасына деген сұраныстың да артқаны белгілі. Осы себепті компания Жібек жолы ауылдық округінен арнайы жер сатып алып, жаңа өндірістің негізін қалады. Аз уақытта іргесін көтерген кәсіпорын 2024 жылы алғашқы өнімдерін шығара бастаған. Мұнда Қытайдан әкелінген аса сапалы әрі жетілдірілген қондырғылар орнатылып, терең баспа әдісімен қаптамалар шығару жолға қойылған.
Кәсіпорында бүгіндері 105 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Олар негізінен осы маңдағы елдімекен тұрғындары. Төрт ауысымда еңбек ететін болғандықтан мұнда түскі, кешкі ас және бесінде тамақ беру жолға қойылған.
– Біз еңбеккерлеріміз үшін мейлінше жақсы жұмыс жағдайын қамтамасыз етуді әдетке айналдырғанбыз. Техникалық қауіпсіздік мәселесі, арнайы жұмыс киімі мен тамақтандыру, медициналық қадағалау жүйелі түрде жұмыс істейді. Жалақы мәселесі де тұрақты болғандықтан маман тапшылығы жоқ, – дейді кәсіпорын директоры.
Күніне 60 миллион құты қаптамасын шығаруға қабілетті кәсіпорын бүгіндері компания сұранысын толықтай өтеп келеді. Ал алдағы уақытта қажет болған жағдайда өнім сапасы мен көлемін арттыра түсуге мүмкіндік бар.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы