Перейти к содержимому

Спорт – денсаулық кепілі

18 қаралым

Шонжы ауылында Алматы облысындағы дене шынықтыру және спортты дамыту орталықтарының қызметкерлері арасында өткен кешенді жарыс мәресіне жетті. Екі күнге созылған бәсекеде спорт мекемелерінен жиналған 100-ден астам қатысушы тек физикалық дайындығын ғана көрсетіп қоймай, командалық бірліктің, өзара қолдаудың және жеңіске деген жігердің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар тек спорттық бәсеке ретінде ғана емес, сала қызметкерлерін біріктіретін маңызды шара ретінде де ерекше мәнге ие.
«Бүгін біз шынайы командалық тартыстың куәсі болдық. Жарыс эмоцияға толы, тартысты әрі сонымен бірге достық сипатта өтті. Аудандар мен қалаларда күн сайын спортты дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың өздері де дене шынықтырумен айналысып, бір-бірімен араласып, жарысуға мүмкіндік алғаны біз үшін маңызды. Мұндай іс-шаралар ұжымдарды біріктіріп, салауатты бәсекелестікті қалыптастырады. Ең бастысы, спорттың адамдарды шын мәнінде біріктіре алатынын көрсетеді», – деді облыстық бұқаралық спорт клубының директоры Қайыржан Бейсембетов.
Қатысушылар волейбол, 3х3 баскетбол, қолкүрес және арқан тарту бойынша жеңімпазды анықтады. Жарыстың әрбір түрі өзіндік шеберлікті талап етті. Әсіресе командалық спорт түрлерінде тартыс қыза түсті. Мұнда нәтиже тек жеке шеберлікке емес, бірлесе әрекет етуге, команданың үйлесімділігіне және ең шешуші сәтте бір-біріне қолдау көрсете білуіне байланысты болды.
Финалдық кездесулер жанкүйер­лердің белсенді қолдауымен өтіп, жеңімпаздар анықталды.
«Біз күн сайын спорт саласында еңбек етіп, түрлі іс-шаралар ұйым­дастырып, бұқаралық спортты дамытып келеміз. Ал бүгін өзіміз қатысушы ретінде алаңға шықтық. Эмоция да, толқу да, нағыз бәсеке де болды. Мұндай шаралар басқа аудандардан келген әріптестерді жақынырақ танып, өзімізді бір үлкен спорттық команданың мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді», – деді жарысқа қатысушы Шонбай Темірлан.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Талғар ауданы, II орынды Балқаш ауданы, III орынды Кеген ауданының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының командасы иеленді.

Өз тілшіміз
Ұйғыр ауданы