Кеген ауданында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиевтің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-кеңес өтті. Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық талаптарды түсіндіру, мемлекеттік кызметшілердің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде белгіленген талаптар мен мінез-құлық нормаларын сақтау мәселелерін кеңінен түсіндіру.
Жиынға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, аппарат басшысы Қанат Бектенов, ауылдық округ әкімдері, басқарма және бөлім басшылары, мемлекеттік кызметшілер қатысты. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ашып, жүргізіп отырды. Департамент басшысы Нұрсұлтан Ақылбекұлы мемлекеттік кызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау мен қызметтік әдеп қағидаларын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, мақсат халыққа адал қызмет ету керектігін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының негізгі нормаларына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі, қызметтік тәртіпті сақтау және халықпен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері қозғалды.
Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.
– Жиында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының талаптарын таныстыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның негізгі нормаларын жеткізу, сондай-ақ Әдеп кодексінің талаптары мен нормаларын түсіндіру бағытындағы маңызды мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, мазмұнды ойлар мен қажетті ақпараттар талқыланып, кәсіби тұрғыдан көп мағлұмат алдық, – деген аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков семинарды қорытындылады.
Агенттік өкілі Кеген ауданының квази мемлекеттік мекемелеріндегі қызметшілермен де кездесті.
Жиында төрағалық еткен Кеген ауданы әкімінің аппарат басшысы Қанат Бектенов:
– Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу, – дей келе қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керектігін тілге тиек етті.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа алып келетін негізгі себептер мен факторлар, оның алдын алу тетіктері, заң талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде маңызды ақпараттар беріліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері мен адалдық қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері түсіндірілді.
Департамент басшысы Нұрсұлтан Ақылбекұлы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтың алдын алуда жүйелі профилактикалық шаралардың маңыздылығына тоқталып, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» қағидаты, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің аппарат басшысы Қанат Әуесханұлы сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

