Перейти к содержимому

Сапалы қызмет – саулық кепілі

21 қаралым

Алматы облысында медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, емдеу ұйымдарының жұмысына озық тәжірибе енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында айтылды. Брифинг спикері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов медицина қызметкерлерін оқытуға бағытталған жұмыстарға тоқталып, шетелдік клиникаларда тәжірибеден өткен мамандардың алған білімін өңір тұрғындарының игілігіне жаратуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

Биыл медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 160 млн теңге бөлінген. Қаражат мамандарды Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарында, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының клиникалық базаларында оқытуға бағытталған. Мұндағы негізгі мақсат – дәрігерлердің кәсіби шеберлігін жетілдірумен қатар, диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстың бір нәтижесі – биыл наурыз-сәуір айларында 37 дәрігердің Ресей мен Беларусьтің клиникалық базаларында білімін жетілдіруі. Шетелдік әріптестерден үйренген тәжірибе енді өңірдегі медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысына енгізіліп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің мазмұнын толықтыруда. Сол тәжірибені ел ішінде тиімді пайдаланудың нақты тетігі ретінде шетелде біліктілігін арттырған дәрігерлерден мобильді топ жасақталған. Олар 7 қыркүйек пен 9 қазан аралығында Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарын аралап, тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Ержан Әбілқасымұлы өз сөзінде аталмыш мобильді топтың жұмысын таныстырып өтті.
– Дәрігерлер консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетіп, күрделі клиникалық жағдайларды жергілікті мамандармен бірлесе талдайды. Қажет болған жағдайда хирургиялық ем ұйымдастыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтаған мамандар жергілікті медицина қызметкерлеріне практикалық оқыту мен тренингтер өткізеді. Мобильді топ құрамына психиатр, балалар нейрохирургы, хирург, травматолог, акушер-гинеколог, педиатр, жалпы тәжірибелі дәрігер және неонатолог секілді түрлі бағыттағы мамандар енген. Бұл тұрғындарға бірнеше медициналық бағыт бойынша бір жерден кеңес алып, қажетті тексерулерден өтуге мүмкіндік береді, – деді Ержан Сүлейменов.
Брифинг спикері мобильді топтың жұмысы барысында медициналық көмектің қолжетімділігін арттырумен қатар, жергілікті мамандардың кәсіби әлеуетін күшейтуге де басымдық беріліп отырғанын сөзіне қосты. Яғни шетелдік тәжірибе жеке дәрігердің кәсіби қоржынында қалмай, өңір медицинасының ортақ тәжірибесіне айналуы көзделген. Атқарылған жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда. Бұл тұрғындарды көрсетілетін медициналық қызмет түрлері мен мобильді топтың жұмысы туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Шетелдік клиникаларда біліктілігін жетілдірген дәрігерлердің тәжірибесін ел ішінде тарату арқылы өңірдегі медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Ал мобильді топтың жұмысы белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін де жалғасып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталмақ.

Құралбек СӘБИТОВ