Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар /    МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

   МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

40 қаралым

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, архитектура және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша  тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынға облыстық      мәслихаттың  депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Дәулет Жарасбаев төрағалық етіп, жүргізді.

Тұрақты комиссия отырысының күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселе қаралды. Солардың негізгісі   «Алматы облысының қалалар мен елдімекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихатының 2024 жылғы 21 шілдедегі № 22-112 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және елдімекендерді санитариялық тазалау қағидаларын бекіту мәселелері жөнінде болды. Аталған тақырып бойынша облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков баяндама жасады.

– Қазіргі уақытта Алматы облысының аумағында 2024 жылғы 21 шілдедегі № 22-112 облыстық мәслихат шешімімен бекітілген қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары қолданылады. Аталған қағидалар 4 тараудан және 176 тармақтан тұрады және абаттандыру, санитариялық күтіп-ұстау және инфрақұрылымды қорғау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қатынастары мен жауапкершілігін реттейді. Қазіргі уақытта қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуіне байланысты Алматы облысының қолданыстағы абаттандыру қағидаларын да үлгілік қағидаларға сәйкес келтіру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты облыстық абаттандыру қағидаларының жекелеген нормаларына өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда,  17, 32, 52-2, 77-2, 94, 122 және 157-тармақтарға өзгерістер енгізіледі, – деген Димаш Абдуарсұлы бұл өзгерістердің негізгі мақсаты облыстық қағидаларды өзгертілген үлгілік қағидаларға сәйкестендіру және абаттандыру саласындағы талаптарды біріздендіру екенін атап өтті.

Келесі кезекте облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, сондай-ақ елдімекендердің көшелерін дамыту және күтіп ұстау мәселелері бойынша облыстық жолаушы көлігі және автомобиль  жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов есеп беріп, жолаушы көлігі саласын дамыту облысішілік ауданаралық, ауданішілік бағыттарды ұйымдастыру, жолаушылар мен багажды тасымалдау саласында заңбұзушылықтың алдын алу және  қадағалау мәселесі жөнінде баяндама жасады. Ол баяндама барысында биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту және олардың сапасын жақсарту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қоса жалпы ұзындығы 49,4 шақырым болатын 3 автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланғанын жеткізді.

  – Биыл жалпы ұзындығы  23,4 шақырым болатын автомобиль жолдарының 6 учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3 нысан 2027 жылғы шілде айына дейін өтпелі, ал қалған 3 нысандағы жұмыстарды 2026 жылғы қараша айына дейін аяқтау жоспарлануда.  Көше-жол желісіне қатысты биыл аудандық деңгейде 149 жоба аясында жалпы ұзындығы 709,7 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бөлінген қаржы көлеміне сәйкес 545,9 шақырым жолды биыл аяқтау, ал 163,8 шақырым жолды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген. Қазіргі уақытта биылға жоспарланған көлемнің 379,2 шақырымы немесе 70%-ы орындалды, – деді ол.

  Автомобиль жолдарын сақтау мәселесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау ерекше маңызға ие екені белгілі. Осы ретте Ермек Биғазыұлы облыс аумағында кен орындары мен асфальт-бетон зауыттарының көптеп орналасуына байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалыс қарқындылығы жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

  – Шамадан тыс жүктемемен қозғалатын ауыр көліктер жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылуына, ойықтар, жарықтар мен шөгулердің пайда болуына әкеледі. Әсіресе, жаңадан жөндеуден өткен жолдардың қысқа мерзімде зақымдануы өзекті мәселе болып отыр, – деген ол Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне көліктік бақылау инспекциясын қажетті заманауи өлшеу және бақылау жабдықтарымен қосымша қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс жолданғанын айтып, сондай-ақ жолаушылар тасымалын субсидиялау, электрондық билет  мәселелерін жеткізді. Басқарма басшысы «Алматы облысының автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне  де тоқталды.

  Тұрақты комиссия отырысы әрі қарай облыстың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта құрылымдау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары туралы баяндамамен жалғасты. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ   облыстық филиалының орынбасары Абзал Ақжоловтың сөзінше,  биыл автомобиль жолдарын қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 51,6 млрд теңге бөлініп, оның 55 пайызы игерілген. Сондай-ақ, «Қапшағай – Күрті» жолы  бойынша екі бағытта жол төсемі салынып, қозғалыс ашылған.

  – Күрделі жөндеуге 15,2 млрд теңге бөлінді. Оның бірі – өтпелі жоба,  алтауы – жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге бағытталған. Өтпелі жоба «Алматы – Бішкек» жолындағы  таға типті жолайрығы (құны 3,1 млрд теңге). Жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2026 жыл, – деді Абзал Көкталұлы. Аталған алты жобаның бесеуінде сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сонымен қоса ол «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19–27 шақырымында «Әлемтрансстрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастағанына тоқталып, орташа жөндеу, ақылы автомобиль жолдарын жөндеу,  қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық барысы туралы тарқатып айтты. Бұдан өзге жиынның күн тәртібінде Алматы агломерациясының даму жоспарының іске асырылуы, Қонаев және Алатау қалаларының кешенді даму жоспары, жылу беру маусымына дайындық бойыншаіс-шараларды орындау мәселесі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары аясындағы құрылыс инфрақұрылымы, сондай-ақ сумен қамту, су бұру, кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту және салу мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Алтынай СЕЙІТКЕН