Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / САЙЫПҚЫРАНДАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

САЙЫПҚЫРАНДАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

23 қаралым

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Аталған байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында он шақты жерлесіміз жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында жүлдегер спортшылар мен бапкерлері және осы дүбірлі додада төрелік еткен төрешілерді марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада алғашқы сөз Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновке берілді.

– Көшпенділер ойындары – халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ат үстіндегі өнерін әлемге танытатын аса маңызды халықаралық жарыс. Әлемнің 100-ден астам елінен кіл мықтылар қатысқан аталған дүбірлі додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш! Біз үшін тағы бір ерекше қуаныш – ел құрамасының сапында Алматы облысы атынан өнер көрсеткен спортшылардың жүлделі орындарға ие болуы. Бұл ретте спортшыларымыздың жеңісіне жол ашқан бапкерлердің де еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өңірде ұлттық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасынан спорт резервін қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа бет бұрған жастардың қатары айтарлықтай артты. Алдағы уақытта ұлттық спортты кеңінен дәріптеуге, оны бұқаралық сипатқа жеткізуге, жас таланттарды іріктеп, мықты спорт резервін қалыптастыруға және ел абыройын асқақтататын саңлақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз. Ұлттық спорттың өркендеуі заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымға да тікелей байланысты, – деген Шыңғыс Сайранұлы спорт нысандарын салу мен жаңғырту және әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы сөзінің соңында санаулы күндерден соң жалауы желбірейтін ХХ Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 24 өкілі спорттың 13 түрінен бақ сынайтынын айта келе, баршаны осы байрақты бәсекеде қатысатын жерлестерімізге қолдау көрсетіп, сәттілік тілеуге шақырды.
Шыңғыс Сайранұлы көкпардан «Алатау» федерациясының президенті Сәбит Қасеновке, көкпардан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төрешісі Елдос Тілебалдиевке және аламан бәйгеден, көкпардан, көкбөріден жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар қолкүресінен облыстың аға жаттықтырушысы Сергей Михайлов пен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Данил Устинов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, аламан бәйгеден 2-орын иеленген Асылжан Бауыржанұлы облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Жиын соңында Данил Устинов марапаттау рәсімінің жоғары дең­гейде өткенін, өзінің әлемдік спорт аламандарында ел намысын қорғауды зор мәртебе санайтынын жеткізді. Сонымен бірге көкбөріден 2-орын алған Самат Жаманқара өзінің жүлделі орын алуына бапкерлерінің бағыт-бағдары мен облыстағы тиісті орындардың қолдауының септігі тигенін айта келе, алдағы уақытта мұнан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аянып қалмайтынына уәде етті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ